«Жасыл елге» – үлкен сұраныс: Қарағанды жастары белсенділік танытты

Қарағандыда «Жасыл ел» еңбек маусымына қатысу үшін өтінім қабылдау төрт күн ішінде аяқталды. Қала аумағын абаттандыру мен тазарту жұмыстарына атсалысқысы келген жастар онлайн іріктеуге белсенді түрде қатысып, белгіленген лимит қысқа уақытта толып қалды. Нәтижесінде көптеген үміткер өтінім беруге үлгермей қалған.

Қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруға бағытталған дәстүрлі «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы биыл да өз жұмысын бастады. Ауқымды экологиялық жобаның шеңберінде Қарағанды облысынан 5 000-ға жуық жас тартылмақ. Жобаға өтінім қабылдау 7 сәуірде басталды, ал алғашқы апталарда-ақ Қарағанды қаласының өзінен 2 000-нан астам жас тіркеліп үлгерген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың белсенділігі жоғары, сондықтан қосымша 1 000 орын ашу жоспарда бар. Бұл бастама студенттер мен мектеп оқушыларына жазғы уақытта жұмыс істеуге, табыс табуға және қоғамға пайдалы іс жасауға мүмкіндік береді. «Жасыл ел» жобасы – бұл тек жұмыс емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған өлкені көгалдандыру және патриоттық тәрбие беру алаңы. Қатысушылар жаз мезгілінде саябақтар мен скверлерді тазалауға, ағаш отырғызуға, көгалдандыру жұмыстарына атсалысады.

– «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу, олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы іспен өткізуге мүмкіндік жасау. Сонымен қатар, бұл жоба арқылы экологиялық мәдениетті бойға сіңіріп, табиғатқа деген жауапкершілік сезімді қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл – тек көгалдандыру жұмыстары ғана емес, терең идеологиялық мәні бар үлкен жұмыс. Бұл бастаманың нақты нәтижесін бірден көру қиын болуы мүмкін. Бірақ оның шынайы пайдасы уақыт өте келе байқалады. Біз байқайтынымыз – «Жасыл ел» қатарында еңбек еткен жастардың көзқарасы өзгереді. Олар айналасын таза ұстаудың маңызын түсіне бастайды. Көшеге қоқыс тастамау, қоршаған ортаны аялау сияқты қарапайым, бірақ маңызды әдеттерді бойына сіңіреді. Бұл – санаға әсер ететін тәрбиелік мектеп десе болады. Жастар алғашында тек табыс табу үшін келуі мүмкін. Бірақ жұмыс барысында олар ұжымдасып еңбек етуді, жауапкершілікті сезінуді, табиғатқа жанашырлық танытуды үйренеді. Бұл қасиеттер оларды ертеңгі күні саналы азамат, өз қоғамына пайдалы тұлға ретінде қалыптастыруға үлкен үлес қосады, – деді Қарағанды облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары филиалының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбетов.

Бағдарлама аясында жастар жаз бойы қала аумағын көгалдандырып, сенбіліктер мен экологиялық науқандарға қатысады. Жұмыс 2 маусымнан 31 тамызға дейін жалғасады. Жалақы мөлшері де жастарына байланысты белгіленген. 14-15 жастағы оқушылар үшін – 85 мың теңге. Ал 16 мен 34 жас аралығындағы жастар үшін – 125 500 теңгені құрайды. Жастарға ҚР Еңбек кодексіне сай еңбек жағдайы қарастырылған.

– Жұмыс маусым, шілде, тамыз айларында жүреді. Жалақысы кем дегенде 80 мың теңге. Биыл 21-ші еңбек маусымы басталады. Биыл 5 000 адам жұмыс істейді деген ойдамыз, – дейді Сұлтан Шаймағанбетов.

Құжат қабылдау Қарағандыдан басқа қалаларда 7 мамырға дейін жалғасады. Ал еңбек маусымы жаздың алғашқы күнінен басталады.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»