Президент Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатты ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың басшылық құрамын қалыптастыруға қатысты ұсынысын жариялады. Президент Конституция талаптарына сәйкес Құрылтай төрағалығына Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.

Мемлекет басшысы оның мемлекеттік басқару саласында көп жыл еңбек еткенін және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
«Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», деді Мемлекет басшысы.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz
