«Жасыл ел» еңбек жасақтарының имидждік формасы
Биыл Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХХ маусымы өтуде. Биылғы еңбек маусымында 4 800-ге жуық жас жұмыспен қамтылады, бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 1 820 адамға артты.
Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар жасағын 100% имидждік формамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
– Жоба бюджетінің негізгі үлесі фирмалық жабдықты тігуге тиесілі. Жинаққа қалпақ, футболка, куртка (бомбер) және шалбар кіреді. Биыл арнайы киімнің бір бөлігін дайындау үшін біз Қарағанды технология және сервис колледжімен келісімшартқа қол қойдық. Бір жағынан, біз жастарды имидждік формамен қамтамасыз етеміз, ал, екінші жағынан, жергілікті өндірушілерді қолдаймыз, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұржан Ілияш.
Колледж «Жасыл ел» жасақтары үшін имидждік форма тігуге алғаш рет тапсырыс алып отыр.
– Біздің көлем – 500 жиынтық. Бес шеберхана жұмыс істейді, оларда 100-ге жуық адам (студенттер мен өндірістік оқыту шеберлері) жұмыс істейді. Жұмыс барысында студенттеріміздің дағдылары заманауи талаптарға қаншалықты сәйкес келетінін байқадық. Болашақта алынған тәжірибе колледжге қосымша қаражат табуға мүмкіндік береді, – деп есептейді Қарағанды технология және сервис колледжінің директоры Меруерт Мамырова.
Өндірістік оқыту шебері Гүлнар Жұминаның айтуынша, үлкен көлемге қарамастан студенттер тапсырманы орындауда. Жұмысқа 3-курсқа дейінгі оқушылар қатысады. Шеберлер алдымен не және қалай тігу керегін көрсетеді, жұмыс барысында өздері де көмектеседі және кеңес береді.
– Бұл біз үшін де, студенттеріміз үшін де – үлкен тәжірибе, – деп атап өтті Гүлнар Жұмина.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының облыстық штаб жетекшісі Сұлтан Шаймағанбетовтің сөзінше, барлығы ойдағыдай өтсе, болашақта киім тіктіру үшін тек осы колледжбен шартқа отыру жоспарда бар.
– Киімнің бір бөлігін ғана беріп отырмыз, себебі колледж мұндай көлемді бірінші рет алып отырғандықтан, пилоттық түрде көріп жатырмыз.
Негізінен Қарағанды қаласында және республикамыздың басқа облыстарында да киім тігіліп жатыр. Егер колледж осы жұмысты толық дұрыс атқарып берсе, алдағы жылдары барлық киімді осы жерде тіктіруге дайынбыз, – деді Сұлтан Шаймағанбетов.
«Жасыл ел» жастар жобасын қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл – жалақы деңгейін ұстап тұруға және қатысушылардың санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Осы еңбек маусымында жауынгерлердің шамамен 10%-ы – мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін жасөспірімдер. Бүгінгі таңда аталмыш жоба 14 жастан бастап жастарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін бірегей және жалғыз құрал болып отыр.
«Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандырумен және көгалдандырумен айналыса отырып жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік байланыс құру дағдыларын игеріп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»