Жастар жиі жіберетін 5 қаржылық қателік
Балалық шақтың бейқам әлемінен ересек өмірге көшу жастар үшін әрдайым ауыртпалықсыз бола бермейді, әсіресе қаржы жағынан. Жастарға тән максимализм, барлығына бірден қол жеткізуге деген ұмтылыс көбінесе бірдей қаржылық қателіктерге әкеледі. Оларды Fingramota.kz-мен бірге қарастырып көрейік.
№ 1 қателік. Бюджетті тиімсіз жоспарлау
Ұрпақ неғұрлым жас болса, соғұрлым олар ақшаны үнемдеу немесе кейінге қалдыру туралы аз ойлайды. Жастар шәкіртақыны немесе жалақысын бірнеше күнде жұмсап тастап, қалған күндер айдың соңына дейін өлместің күнін көруі мүмкін. Бұл көбінесе бюджетті тиімсіз жоспарлаудың салдары. Сондықтан, жас буын өкілдеріне, әсіресе студенттерге ең алдымен өз шығыстарын бақылауды үйрену керек.
№ 2 қателік. Табысынан артық жұмсау
Заманауи жастар тауарлар мен қызметтерді белсенді тұтынушылар болып табылады. Өктем жарнама, әр түрлі маркетингтік амалдар, әлеуметтік желілердегі әдемі өмір насихаты – осының бәрі жастарды «трендте болуға» және соңғы үлгідегі гаджеттер, бренд заттар сатып алуға, танымал мекемелерде уақыт өткізуге итермелейді. Ақша жетіспегендіктен жастар көбінесе тұтынушылық кредиттер ресімдеу арқылы «қарызға өмір сүреді».
Алайда, табысты болу немесе табысты болып көріну бір нәрсе емес. Табыс елесі соңында кез келген адамды «кредит шырмауына» түсіреді.
№ 3 қателік. «Резервтік қордың» болмауы
Жастар бүкіл өмірлері алда деп санайды және қаржылық қауіпсіздік жастықшасы туралы ойлағылары да келмейді. Алайда жеке резервтік қорды қалыптастыруды жастайынан бастаса, онда болашақта өзін күтпеген қаржылық қиындықтардан қорғауға болады. Жеке резервтік қор – бұл белгілі бір ақша қаражатының сомасы, ол кем дегенде 6 айлық шығындардан құралуы тиіс, бір жылдық бюджеттен тұрса тіпті жақсы.
№ 4 қателік. Нақты мақсаттардың болмауы
Жастар көп жағдайда саяхаттауды немесе өз бизнесін ашуды армандайды. Алайда, армандар жүзеге асуы үшін қаржылық жоспар құрып, оны орындау керек. Қағазға немесе гаджеттегі қосымшаға өз мақсатыңызды әрі оған қол жеткізу тәсілдерін жазыңыз да, нақты мерзімдерін көрсетуді ұмытпаңыз. Бәлкім, бастапқы кезеңдерде өзіңізді межеленген жолмен жүргізу қиынға соғуы мүмкін. Алайда тәртіптік тәсіл қолдансаңыз, сіз өз арманыңызға бір қадам жақын боласыз.
№ 5 қателік. Бір мезеттік табысқа сену
Қазіргі жастар технологиялық прогрестен қалмай, ІТ-саласында әбден шыңдалған болса да, олар өз сенгіштігінен және мұқияттылық танытпауынан алаяқтардың арбауына жиі түсіп қалып жатады әрі оларды қаржылық пирамидаларға тарту да оңайырақ. Алаяқтар жастарды өз қаржылық қулықтарына делдал ретінде тартуы мүмкін немесе олармен сенімгерлік қатынас орнатып, ортақ кәсіп ашуды немесе кірісі жоғары инвестициялық жобаға қатысуды ұсынуы мүмкін.