Жастар мәселесі назарда

Биыл Қарағанды облысында 122 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру міндеті тұр. Оның 38 мыңы тұрақты жұмыс болмақ. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған Президент тапсырмасын Қарағанды облысында жүзеге асыру жолдары талқыланған жиында айтылды.

Жоспар бойынша, биыл 32 мың азамат жұмыспен қамтылуы тиіс болған-ды. Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша, жоспардың 50 пайызы орындалған. Дәл қазір жастарды жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік ахуалын көтеру басты назарға алынып отыр. Бұл бойынша аймақ басшысы арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

– Жұмыспен қамтуды үйлестіру, жастар саясаты басқармаларына қалалар және аудандармен бірлесіп жастарды белсенді жұмыспен қамтамасыз ету шараларымен қамту мәселесі бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек облыс әкімі аймақтағы күнкөріс деңгейі төмен барлық отбасыны анықтап, оларға нақты көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы жаңа жобалардың жетіспейтіндігіне назар аударды. Әсіресе «Қазақинвест» компаниясының өңірлік филиалы сынға ұшырады. Облыс әкімі барлық жоба бойынша мониторинг жүргізуді және экономиканы әртараптандыруға бағытталған жаңа жобалар пулын әзірлеуді тапсырды.

– Шетелдік компаниялар үшін бізде «Сарыарқа» АЭА және Saran индустриялық аймағы аумағында жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік алаңдар түріндегі инфрақұрылым бар, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы жол жөндеу жұмыстарының сапасы туралы да айтты. Биыл облыста 1200 шақырымнан астам республикалық және жергілікті трассалар қамтылды. Барлық қала мен аудандардың әкімдері жол жөндеу сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Ал «Қазавтожол» филиалына жол бойындағы қызмет көрсету деңгейін арттыру жөнінде жоспар ұсыну қажет.

– Біз екі есе күш-жігермен жұмыс жасауымыз керек. Негізгі міндеттер – жұмыс орындары, халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»