Жастар чемпионатындағы жарқын жеңіс
Төрт алтын, екі күміс және қола медаль. Азия жастар чемпионатында жерлестеріміз керемет нәтиже көрсетті. Командалық есепте біздің құрама Қазақстанның барлық облысы арасында үздік болды.
Елордада өткен Азия жастар чемпионатында Қарағанды облысының құрамасы медальдық есепте бірінші орынды иеленді. Біріншілікке 26 елден 500 спортшы қатысты.
– Астана қаласында өткен Азия чемпионатында жастар арасында және 22 жасқа дейінгі боксшылардың арасындағы Азия чемпионатында, біздің Қарағанды облысының спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Төрт алтын, екі күміс, бір қола медаль алып командалық есепте, Қазақстан командалары ішінде бірінші орынға шықтық, – дейді Қарағанды облысы бойынша бокс федерациясының президенті Самат Адхам.
17 жастағы Аяжан Ермек аталмыш жарыста 57 келі салмақта сынға түсіп, топ жарды. Ол 10 жасынан бері бокспен шұғылданады. Осыған дейін Қазақстанның екі дүркін чемпионы атағын жеңіп алған. Алайда, Аяжанның бұл алғашқы ауқымды жеңісі.
– Иә, бастапқыда қиын болды. Азия чемпионатына өте жақсы дайындықпен бардық. Азия чемпионатында үш жекпе-жек өткіздім. Бірінші қарсыласым қытайлық қыз болды. Оны екінші раундта айқын басымдылықпен жеңдім. Екінші жекпе-жекте Үндістанның қызымен шықтым, ең қиын әрі ауыр жекпе-жек болды. Сол кездесуде мен жарақат алып қалдым. Дегенмен, намысты қолдан бермей, 4:1 есебімен ол қызды жеңдім. Финалдық кездесу тартысты түрде өтті. Өзбек қызбен кездесіп, қарсыласымды 5:0 есебімен ұттым, – дейді Азия чемпионатының жеңімпазы Аяжан Ермек.
Ал, Айжан Ходжабекова Қарағандылық боксшы қыздардың жаттықтырушысы. Айжан бұл жарысқа спортшыларымыздың тыңғылықты дайындалғанын айтады.
– Жарысқа дайындық өте жоғары деңгейде болды. Кезең-кезеңімен жиындардан өттік. Азия чемпионатына жақсылап дайындалдық. Қарсыластар оңай болған жоқ, мықтылардың мықтысы деуге болады. Жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Қуанышымызда шек жоқ. Психологиялық тұрғыда спортшыларды дайындадық, – дейді Қарағанды облысының бокстан аға бапкері Айжан Ходжабекова.
Күз айларында Черногорияда Әлем біріншілігі өтеді. Біздің спортшылар алдағы уақытта сол чемпионатқа дайындықты бастайды.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»