Жастарға жеңілдік бар

Қарағанды қаласында жастар ипотекасына үміткерлер анықталды. Еске сала кетейік, жұмыс істейтін жастар үшін жеңілдетілген бағдарламаны жүзеге асыру бастамасын Қарағанды облысының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп қолға алған болатын.

Облыстық бюджет 1 миллиард, «Отбасы банк» 500 миллион теңге бөлді. Жеңілдікті қарыз 20 миллион теңгеге дейінгі сомаға 5%-бен беріледі. Бастапқы жарна 19 жылға дейінгі мерзіммен қарыз сомасының 10%-ын құрайды.

Жаңа ипотекалық бағдарлама 35 жасқа дейінгі мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, спортшыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, мәдениет қызметкерлеріне, журналистерге, ЖОО оқытушыларына, ғылыми қызметкерлерге және әлеуметтік сала өкілдеріне арналған.

Келіп түскен 1 016 өтінімнің 75-і белгіленген талапқа сай деп танылды. Енді үміткерлер өздерінің төлем қабілетін растауы керек.

Жеңілдетілген ипотека алуға қатысушыларды мемлекеттік орган, депутаттық корпус және қоғам белсенділерінен құралған арнайы комиссия іріктеген.

– Аталмыш бағдарламаға қатысу үшін Қарағанды қаласының жас мамандарынан 1 016 өтініш келіп түсті. Оның 375-і денсаулық сақтау, 354-і білім беру, 43-і мәдениет, 22-сі спорт, 15-і БАҚ, 46-сы әлеуметтік сала, 105-і ЖОО қызметкерлерінен келген, тағы 56-сы тізімге енбеген жұмыспен қамтудың басқа саласы мамандарынан, – деді комиссия төрағасы Мейрам Кожухов.

Аружан АЛПЫСБАЙ