Жастарға жақсы мүмкіндік
Қарағанды облысының әкімдігі Отбасы банкімен бірлесе отырып жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Баспананы Қарағанды қаласында орналасқан бірінші немесе екінші нарықтағы нысандардан таңдап алуға болады.
Жаңа жоба жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет қызметкерлеріне, спортшылар мен жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушыларына, ғылыми, әлеуметтік және коммуналдық мекеме қызметкерлеріне жеке баспана алу үшін жеңілдетілген қарыз алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама талаптары:
– үміткердің жасы 35-тен аспауы керек;
– таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі өтініш берген кезде соңғы бір жылдан кем болмауы тиіс;
– бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек.
Несие шарттары:
– банктен алынатын қарыз сомасы – 20 млн теңгеге дейін (егер мүліктің құны 20 млн теңгеден асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлейді);
– бастапқы жарна – 10%;
– несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5% (ЖТСМ – 5,2%);
– несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін.
Тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтініштер 2-12 мамыр аралығында қабылданады. Үміткер құжаттарын Назарбаев даңғылы, 39а мекенжайына (қалалық әкімдік ғимаратындағы «Open Qarağandy» кеңсесіне) өткізеді.
Өз тілшімізден