Жас дарындар байқауы
Қарағандыда қазақтың киелі күй өнерін дәріптеген тағылымды шара – Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы IX республикалық байқау өз мәресіне жетті. Биылғы байқау күй шебері Тәттімбеттің 210 жылдығына арналды. Бұл – тек мерейтойлық шара емес, шертпе күйдің терең мәні мен ұлттық болмыстың үніне тағзым іспетті мәдени оқиға болды.
Екі күнге созылған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-ке жуық жас үміткер қатысып, қыл-қобыз, прима-қобыз және домбыра аталымдары бойынша өнер көрсетті.
«Қатысушылар әр аймақтан келді. Алыстан да, жақыннан да, Атыраудан да. Үш аталым бойынша үш жерде конкурс өтеді. Бұл – жастар үшін үлкен тәжірибе алаңы», – дейді Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің басшысы Талғат Ыдырысов.
Сайыстың басты ерекшелігі – екінші кезеңде қатысушылар кездейсоқ билет таңдап, сол билеттегі шығарманы орындауы қажет болды. Бұл тек дайындық деңгейін ғана емес, сахнада күйдің рухын жеткізу қабілетін де сынайтын сәт.
Қазылар алқасы үміткерлердің тек техникалық шеберлігін емес, күйдің дәстүрлі мәнерін сақтап орындауын басты назарға алды.
«Жастар техникалық жағынан мықты. Бірақ біз үшін күйді тек шеберлікпен емес, рухпен жеткізу маңызды. Тәттімбет мектебі – тереңдік пен тазалықтың үлгісі», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Біләл Ысқақов.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер:
Қыл-қобыз аталымы бойынша:
Дипломанттар – Жания Естайқызы (Қазақ ұлттық өнер университеті) мен Назерке Абилхасенова (Құрманғазы консерваториясы)
III орын – Темірлан Алиев (А.Жұбанов мектебі)
II орын – Абылай Есетов (Қазақ ұлттық өнер университеті)
I орын – Ерасыл Төреханов (Жамбыл атындағы филармония)
Прима-қобыз аталымы бойынша:
Дипломанттар – Алуа Станполова (А.Жұбанов мектебі), Анар Қабдымананова (Ғ.Жұбанова филармониясы)
III орын – Бекзада Самиғолла
II орын – Нұрайлым Әбді (екеуі де Ұлттық өнер университеті)
I орын – Әсия Нұртай (Жамбыл филармониясы)
Домбыра аталымы бойынша:
Дипломанттар – Ерболат Талапхан (Семей музыкалық колледжі), Манап Анықбеков (Қарағанды, №2 музыка мектебі), Сара Қамбарова (Құрманғазы консерваториясы)
III орын – Дәулетбек Жүсіп (Шет ауданы Мәдениет үйі)
II орын – Аяна Сатаева (Қазақ ұлттық өнер университеті)
I орын – Нұрәлі Саят (А.Жұбанов мектебі)
«Екінші кезеңде билетпен күй таңдау – нағыз шеберлікті көрсететін сәт. Бұл – нағыз күйшілік мектебі», – дейді домбыра аталымының қатысушысы, алматылық жас өнерпаз Бексұлтан Бекет.
Байқау аясында «Қазақстан-Азия» сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы тарапынан бірқатар жас үміткерге «Өнерлі өркен» арнайы сыйлығы табысталды.
Жоғары дайындық пен шынайы шабыт нәтижесінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті Ержанат Жарқыннұр байқаудың бас бәйгесін иеленді.
Баспасөз конференциясында айтылғандай, жастар арасындағы орындаушылық шеберлік жылдан жылға өсіп келеді. Бірақ күй өнерінің рухани мазмұны ұмыт қалмауы керек.
«Тәттімбет мұрасын келер ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ парызымыз. Ол үшін күйдің үнін ғана емес, мәнін түсіне білетін жас орындаушылар керек», – дейді өнертанушылар.
Бұл байқау тек сайыс емес, күй өнерін жалғайтын жас буынның рухани қалыптасуына жол ашатын мектепке айналып отыр. Ұлы дала үнін ардақтаған осындай шаралар арқылы ұлттық өнердің ұлағаты ұрпақпен бірге жасай беретіні анық.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»