Жас дәрігерлерге жол ашылды
Қарағанды облысында денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Жиында саладағы өзекті мәселелер қаралып, медициналық ұйымдарды жас мамандармен толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Биыл өңірдегі ауруханалар мен емханаларға жалпы саны 467 жас маман жұмысқа орналасады деп жоспарланып отыр. Олардың 77-сі – резидентураны тәмамдаған дәрігерлер, ал 390-ы – орта буын медицина қызметкерлері. Бұл кадрлар өңірдегі емдеу мекемелерінің жұмысын күшейтіп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға үлес қоспақ.
Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстың мемлекеттік медициналық ұйымдарында 11 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Соған қарамастан, бірқатар бағыттар бойынша маман тапшылығы сақталып отыр. Сондықтан жас кадрларды тарту мен оларды өңірде тұрақтандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Бұл бағытта негізгі басымдық Қарағанды медицина университеті мен медициналық колледждердің түлектерін жұмысқа орналастыруға берілген. Биыл оқуын аяқтайтын 77 дәрігер-резидент медициналық ұйымдарға алдын ала бөлінген. Жұмысқа кіріскеннен кейін олардың кәсіби бейімделуіне тәжірибелі тәлімгерлер қолдау көрсетеді.
Жас мамандарды қызықтыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, көтерме жәрдемақы төлеу, қызметтік тұрғын үй беру және коммуналдық шығындарды өтеу тетіктері іске асырылуда.
– Көтерме жәрдемақы төлеуді қоса алғанда, әлеуметтік қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетіп келеді және кадрларды тартудың негізгі құралдарының бірі болып қала береді. Сондай-ақ жаңадан келген мамандарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжебаев.
Оның мәліметінше, Жол картасы аясында медицина қызметкерлеріне 80 қызметтік пәтер беру жоспарланған. Сонымен қатар қалалар мен аудандарда келетін мамандарға арналған тұрғын үй қоры әзірленіп, облыстық бюджет пен медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен резидентурада кадр даярлау жалғасып жатыр. Бұл шаралар әсіресе ауылдық жерлердегі дәрігерлер тапшылығын кезең-кезеңімен азайтуға бағытталған.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев медициналық кадрларды қолдау жұмыстарының басты мақсаты тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету екенін атап өтті.
– Біз облысқа медициналық кадрларды тарту және оларды тұрақтандыру үшін жүйелі түрде жағдай жасап келеміз. Көтерме жәрдемақылар төленеді, әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған, тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсетіледі. Алайда бұл жұмыстардың басты мақсаты облыс тұрғындарының қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Сондықтан денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді облыс әкімі.
Мамандардың айтуынша, жаңа кадрлардың келуі өңірдегі медициналық ұйымдардың мүмкіндігін кеңейтіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсартуға ықпал етеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»
