ЖАРАТУШЫНЫҢ ЖӘКЕШКЕ БЕРГЕН ЖАҢҒЫРЫҚТЫ ҒҰМЫРЫ

Жарылқасын Бикенұлы достыққа адал, кіршіксіз сенім иесі еді. Доспен мүдделес, көзқарасы ортақ, дос алдында жауапкершілігі орасан, досына қамқор, досымен рухани бауыр еді. Досына шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қыйыншылдықты көтеруге жәрдемшіл еді. Бұл жаратушының Жәкешке берген ең ұлы қасиеттерінің бірі.

Жәкеш жаратушы алдында жаңғырықты ғұмыр кешті. Жаңғыру үнемі жаңашылдықты талап етеді. Жаңғыру — жаңару. Ол заман талабына сай өзгеріп отырды. Уақытпен бірге марқайды. Жәкеш өз шаршысында, өз көк жиегінде кемел тұлға бола білді, әділетті болды. Мұсылмандық дүниетанымда кемелдіктің кілті де — қанағат, әділдіктің мазмұны да — қанағат. Байқа, 50 жыл бір орында, онда да кеңес заманында, онда да күйіп тұрған жүйеде бас бухгалтер болып істеп көр! Бұл жаратушының Жәкешке берген сыйы еді.

Осыдан елу жыл бұрын өміріміздің көктемі — бәйшешек, жауқазын шағымызда танысып, достасқан 7 жанұя болып едік. Қызғалдақ өмірімізді бірге өткізіп едік. Бас қосқанда біздерден бақытты ешкім болмайтын. Өмір біз үшін ертегі болды, біз оған еркеледік. Біз перизаттармен бір қонып, періштелермен бірге ұшып жүргендей едік. Сөйтіп жүргенде жылдар жылжый беріпті. Ортамыз азайып, арамыздан аяулы достарымыз Сапар, Ермекқали, Сәлім, Ғалымбек мезгілсіз ғайып болды. Теріміз иі қанған былғарыдай болушы еді. Бізде мұң бар демеуші едік.

Енді міне, жадында бәленбай гегабайтты компьютердің ақпаратын ұстап, бір өзі еліміздің үлкен бір экономикалық саласы — потребкооперацияның балансының барлық активы мен пассивының цифрлық деректерінің динамикасын: 1971 — 2010 жж., жатқа білетін, 40 жыл бойы Қарағанды облпотребсоюзының бас бухгалтері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері — Жарылқасын Бикенұлы, ең аяулы, ең соңғы дос өмірден озды, ғазиз достықтың жолында шәйіт болды. Бүкіл ауыл көшіп кетіп, жан-жағың үңірейген жер ошақ орындары, реңсіз, құлазыған жұртта қалғандайсың.

Бұл қаза жанға жара салды, жүрекке дақ түсірді, үміт жіңішкерді, ой орманын өрт шалды. Көңіл алаң, сезім жұтаң тартты. Сенім селдіреді, басты бұлдыр тұман шалды. Оңы да, солы да, қолы да таза, ісін де, ізін де кір шалмаған, мұңдас, сырлас, дерттес, сертке берік қайран Жәкеш-ай! Қайтеміз, басқа түсті, баспақшыл күйге түстік.

Жәкеш көктемде туған (09 сәуір, 1943 ж). «Көктемде туған жандардың, Көңілінде бұлты болмайды», деп Тұманбай ақын дәл айтқан екен. Ол елу жыл бойы еткен еңбек, еккен дәннің жемісінің игілігін көрді, өзі де жұрттың көзайымына айналды. Қай ортада болсын сыйымы бар: төрімен — терезесі тең, баладан — аласа, келіннен — кішіпейіл, мәрттен — жомарт, отырыста — оңтайлы, жолда — сенімді, сырға — ішті, ойы — ашық, маңына — мейірімді, ділі — берік, діні — ағзами, түйсігі — аңғарлы, дұшпаны — жалғыздық, достары — көп, өте көп, ұраны — Алтай, ұясы — Нұра, ағаға — ізетті, ініге — қамқор, жанында жүрген жанға қоңыржай қарапайым жігіттің сырттаны, халқына сыйлы ақсұңқар азамат еді.

Осыншама мінездің мысын көтеріп жүру осал адамның пешенесіне жазылма са керек. Осы мінездің барлығын Бикен әкеміздің рухқа айналған бел күшінің, Зағипа анамыздың омырау сүтінің, апа-бауыр Әуес, Мәуеш, Рахметолла, Мерқасымдардың алғауының арқасында бойына сіңіріп еңсесін тік ұстап өсті. Жүзі жарқын Жарылқасынның жанында, үш баланың ардақты анасы Әнияштың ыстық та адал құшағы оған өмірінің қилы да қатыгез құбылысын сергек те, батыл қабылдауға машықтандырды.

Жәкеш өз мамандығы жайлы: Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н. Косыгинның кезінде бухгалтерлік мамандығы бойынша кооператив техникумын бітіргенін, бас бухгалтер қызметі Министрлер Кеңесінің ережесімен бекітілетінін, мемлекеттің экономикалық дамуы тікелей бухгалтерлік есептің дұрыс жүргізілуіне байланысты екенін тілге тиек ете мақтанышпен айтатын.

Нағыз бас бухгалтер — ол ең алдымен ұйымдастырушылық қабылеті зор, білікті маман. Өзіңіз ойлаңыз, тұтынушы кооперациясының көп салалы жүйесінде көлік шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру салалары, өндіріс пен өнеркәсіп (сусын шығару цехтары, арақшарап, сыра зауыттары, тігін фабрикалары), шаштараз, аяқкиім шеберханалары, оқу орындары, сауда жүйесі, тағыда бірқатар құрылымдары бар — бас бухгалтер солардың бәрін білуге міндетті. Осылардың бәрін ойластырып, кірісі мен шығысын есептеп, қай жерде не жетіспей жатқанын ұжымға түсіндіріп отыратын маман. Талдау жасап, мекеменің, кәсіпорынның болашағын болжайтын, ұстаз да, кеңесші де сол бас бухгалтер. Қарамағындағы бухгалтерлерге, бүкіл салалардағы ұжымдарға есептілікті қалай жүргізетінін ұғындырып, әдістемелік жетекшілік жасап, мамандардың кәсіби біліктілігін арттырушы тәлімгер де осы бас бухгалтер. Бухгалтерлік теңгерім (баланс) сенімді, уақтылы жасалуы шарт. Уақтылы және сапалы жасалған теңгерім сол саланың өсуі мен өркендеуінің айнасы.

Байқаған боларсыз, потребкооперациямыз шын мағанасында ол халық шаруашылығы ішіндегі халық шаруашылығы еді: ол сауда, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі, бағалы аң терісі, тері, елтірі, жүн, бал әзірлеу т.б.салаларды қамтыйтын және шет мемлекетердегі кооперациялармен тығыз байланыста болған халықаралық деңгейде жұмыс атқарған ұжым болатын. Кеңес сауда жүйесінде табылмайтын импорттық бағалы заттар осы потребсоюздың сауда базаларынан табылатын. Потребкооперецияның кураторлары Обкомның екінші хатшылары болатын. Кезінде сондай кураторлық қызметті бұрынғы Президент Назарбаев Н.Ә. атқарған болатын.

Ал енді біздегі бухгалтерлік есептің тарихына мән берсек — Қазақстанның қаржы Министрі Дербисовтың Е.Ж. орынына келген Павлов А.С. 1994 жылы қызметін бухгалтерлік есеп жүйесін жоюдан бастап ұрлық-қарлық пен коррупцияның автобанын ашып бергенін Жәкеш күйінішпен айтатын. Бүгіндері өткен күндердің биігінен қарасақ, Павловтар егемендіктің қадірін қашырды, өзгенің өктемдігін асырды. Ұлт болып ұйысудың, бекем бірліктің берекесін кетірді. Экономиканың тұрақтанып, берекелі дамуын — халықтың мұратына айналдыра алмады, берекесін кетірді.

Бұрындары Жәкештің өзіне сенің ерекшелігің, болмысыңнан бөлек, табиғатыңнан тылсым, қайталанбас құбылыс иесісің — деп айтушы едім. Сенің аты жөнің өзгермеседе, өзің үнемі өзгеру үстіндесің, құбылу үстіндесің, жаңғырып, жаңарып ғұмыр кешудесің. Сенің өміріңнің сәулелі сәттері — қажымас еңбек пен жемісті бейнеттену, өзіңмен өзің күресу болды.

Алдыңа келсең тістейтін, артынан келсең тебетін, қусаң жеткізбейтін, қашсаң құтқармайтын, өліп-өшсеңде жаныңа жуымайтын даңқ деген талғампаз пәле болады екен. Ол, ештеңеде шаруасы жоқ, ғұмыры ізденіс үстінде жүретін, уақытты өте қатты бағалайтын, келем, барам деген жерге бір минут кешікпей жетуді міндет санайтын, еңбекқор Бикеновтың соңынан, осы дүниеге қабаттаса бірге туыпты. Біреулерді бас айналар биікке шығарып, біреулерді сол биіктен шыңырау түбіне сүйектей лақтыра салатын даңқ Жәкештің соңыңнан еріп отырыпты. Бұл даңқ шіркін лайық емес адамға жоламайтын көрінеді. Ол ойда жоқта бір күні келе салмайды екен. Кім екенін білдірмей шын мықтының жанында ұзақ жүреді екен. Жазу үстелінде қатар отырады. Сапарда бірге болады, шатақтардың, жазылған арыздардың ішінде, мейрамханаларда, ауыруханаларда азапты бірге шегеді. Жәкеш даңқты! Даңқ оның жолсерігі, жұбанышы, көз жасын сүртетін беторамалы, жан жарасын жуатын таң нұры. Бұл Жәкешке азаппен келген мәңгілік даңқ. Ол кешегі даңқы бүгінгі даңқымен жалғасып үлкен абырой иесі болды.

Жәкештің бір ерекшелігі жол жүріп тұруды жақсы көретін, қонаққа да жиі баратын. Қонақжайлылық, ол бержағы ғана. Маған ұнайтыны, сол кезде ол жұрт секілді бірдеңе іздемейсің. Ол өзін өзі іздейтін. Жәкеш секілді даңқты, іздемпаз, мына бір Василий Ерошенко деген азамат — Ресей жазушысы, өзінің бір де бір көркем шығармасын орыс тілінде жазбаған. Төрт жасында су қараңғыдан көрмей қалған аса зерделі бала эсперантоны (жасанды тіл) тез үйреніп алады. Қысқасы, Василий Ерошенко — қай жағынан да, өте сирек кездесетін айрықша құбылыс. Ол өзін ешқашанда көзім көрмейді деп есептемеген. «Көрдім», «көргенімді» — деп сөйлейді екен. Ал енді осы Ерошенконың Жәкештен несі артық? Ештеңесі. Бұл жазушы. Ол шежіреші, шешен. Қорғасындай салмақты үні, сұңқардай саңқылдаған даусы, тереңнен буырқанып шыққан мағыналы ойы оның шешендігің айнасы еді. Енді осыған оның кісілігі мейрім-шапағатқа толы, туа біткен турашыл, әділдікті ту еткен ақылшы аға, адалдық қасиетін қосса XVIII ғасырдағы би- шешендерден кем түспейді дер едім.

Былай қарағанда, Жәкештің халыққа сіңірген еңбегі, мамандығының ерекшелігіне байланысты шахтердің, не болмаса балташының, не құрлысшының т.б. нақтылы еңбегі сияқты көзге айқын көрінбейтіндей. Оның еңбегі дерексіздендірілген, баспен ой тұжырымдап атқаратын қызмет болды. Бір сөзбен айтқанда ол бір өзі халық шаруашылығының бүкіл бір саласының есебін есептеп, бір өзі бір орталық статистика басқармасының қызметін атқарып, қаншама бесжылдықтардың цифрларын басында ұстады, жатқа білді және айтты. Бұл көлемі жағынан Шоқан жазып алған Манас жырынан әлдеқайда, бірнеше мәрте үлкен ақпарат.

Тақырып естелікке байланысты болғандықтан айта кетейін, ұмытпасам Жәкеш екеуміз алғашқы рет маусым айында 1975 жылы Қарағанды кооператив институтында мемлекеттік емтихан басталар алдында ректор П.Ф.Котляровтың кабинетінде таныстық, амандасып қол алыстық. Ректор тілегін айтты. Жарылқасын бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша председатель ГЭК екен. Ол кезде Мемлекеттік емтиханға төраға етіп үлкен ғалымдар, не болмаса сала басшылары, не аса тәжрибелі үлкен мамандар шақырылатын. Сол күні маған қарамақарсы отырған, ашық маңдайлы, бойы ортадан жоғарылау, аққұба, шымыр денелі, құлақ бітісі ерекше, қою шашы ұқыпты таралған, сымбатты жігіт осы Жәкеш болатын. Ол маған бетінің бұлшық еттері қозғалмайтын, клеткалары қимылдамайтын бір сұлық, тұрақты сурет тәрізді көрінді. Сыры сыртында емес ішіңде екені сезіліп тұрды.

Содан көп ұзамай бір демалыс күні Ульянов ауданына, Нұраға суға түсуге бардық. Бізді жақын таныстыру үшін шақырған Сәлім болатын. Сәлім екеуміз ертеден таныс, силас болатынбыз. Дастархан жайған сол аудандық тұтынушылар одағының бастығы неміс азаматы екен. Сонымен шақырушы Сәлім де, дастархан ұйымдастырушы Жәкеш болды. Бірақ, бұл демалыстың менің есімде қалған ең қызықты жері, қайтар жолда екі сал жігіттің салған әндері болатын. Әсіресе Жәкештің шырқаған «Куә бол» әні әлі есімде. Міне, бұл да оның бір қыры болса керек.

Реті келіп тұр екен айта кетейін. Жалпы Кооперативный институт біздің оқу, білім қуған, асыл сезімдерді аңсаған, жанына жылу іздеген, бірін-бірі талант деп танып, 7 жанұяның мызғымас дос, жанашыр бауыр болып, азаматтық тұрғыда қалыптасуымызға, топтасуымызға, өсуімізге үлкен ықпал етті. Жарықтық, П.Ф.Котляров кооперативный институттың ең алғашқы ректоры, көптеген қазақ жастарының өсіуіне, оқуына ықпал жасап Ресейге, Украинаға оқуға жіберіп алып отырды. Осы оқығандардың ішінде Кооперативный институттың (Экономикалық Университетінің) қазіргі Ректоры Е.Б.Аймағамбетов та бар болатын. Бұл бір. Екінші жағынан, ең алғаш біздер үшін жайылған Жәкештің үйінің ақ дастарханы мен Әниәш екеуінің ақ ниеттері ұйтқы болды. Екінші кездесу Сапкең мен Рузаның үйінде болып, содан әрі қарымқатынасымыз нығаю үстінде болды. Әр кездесуіміз қонақ емес тойға айналды. Барлық мереке, соғым, шілдехана т.б. шаралар сән-салтанатпен өтетін еді.

Азаматтың болмысына, қызметіне ықпал ететін, әсер ететін бір нәрсе — оның баспанасы. Әрине көп адамдар үй мәселесіне мұқтаж нәрсе ретінде қарайды. Жәкеш бұл мәселені кезінде бәрімізден бұрын шешті. Облтұтынуодағының бастығы В.Хан мырза оның білімін, еңбегін, кісілігін, тазалығын бағалап басшы қызметкерлердің бірін жолатпай, Обкомның хатшыларының қолы жетпейтін жаңаша жабдықталған оңаша, кең сарайдай екі үйдің бірін оған алып беріп, біреуіне өзі көрші болып кірді.

Қызметі көтеріліп, Балқаштан енді ауысып келген, ұйымдастыру қабілеті жоғары, қуатты, жылдам қимылдайтын, іскер В.Ханға, жұмысы босап кеткен Облтұтынуодағының ісін қалпына келтіріп, оны дұрыс даму жолына қою үшін, сенімді көмекші, білімді, ақылшы, кәсіби маманның жәрдемі қажет болды. Сол себепті ол Жарылқасынды жанына шақырды. Оның есебі дұрыс болды. Хан да өсті, Жарылқасын да өркендеді.

Бұл баспана Жәкешке ерекше шабыт берді, көзіне жұмақтай жайнаған мекені болып көрінді. Үйінде қаншама сән-салтанат, молшылықта той-думан өтті, дастархан жайылды. Құт қонған босағада Ерқанаты дүниеге келді, ержетті, сол алтын босағада үйлендірді, тойын атқарды, немерелі болды, өсті, өркендеді, көсегесі көгерді.

Жас дәуірдің сыйы — қос бақыт жар мен бала сүю. Өзіне қарай қосағы, қосағына қарай ошағы — деп тегін айтылмаса керек. Жәкештің азаматтығыңа, өсуіне, абыройының асқақтауына арқау болған, бақытының, шаттығының, қуанышының, қызығының қайнар бұлағы, ақ ниетті дастарханын жайып, алдынан жадырай қарсы алатын, жан жары, сүйеніші, жарқын жүзді жан қалқасы Әниаш екеуінің үйлерінен сан рет желпініп барып, желігіп қайтқанымыз естен кетпейтін күндер қатарында. Әниаштың даярлаған, біздер тамсана ішіпжейтін дәмді тамақ кез-келген үйде бола бермейтін, ілуде-шалу кездесетін. Жәкеш сол дефицит заманның өзінде дұрыс тамақтанып, дұрыс киінетін. Қызметінің ерекшелігіне сәйкес дефицит іздеп уақытын жоғалтпайтын, дефицит пен Жәкешті біз іздейтінбіз. Құдай-ау ауданаралық базаны сан рет араладық қой. Оның директоры Хазанскийдің қабылдауында болатынбыз, бірақ оның шәйға қойған лимиті 2 килограмнан аспайтын.

Әлі есімде бір рет өзіміздің достар, барлығымыз жиылып Жаңаарқаға қонаққа барып біраз қыдырғанымыз. Бір күні Сәбиттің (Қарашолақов) үйінде қондық қой деймін. Сол жолы байқадым, Жәкеш преферансты шылқ етпей, ұқыпты ойнайды екен. Сол жолы бәрімізді Жәкеш пен Сәбит ұтты білем. Сәлім де жақсы ойнады. Іштеріндегі осалдары, және ең көп ұтылған Ермек екуіміз болып шықтық.

Соңғы ерекшелігі, ол өз мүддесін қоғам мүддесінен ешуақытта жоғары қойған емес. Өз ісінің кәсіби маманы болу оның жүрегіне жақын, азаматтығына сыйымды талап болды. Қызметті білікті атқарып, бір сатыдан екінші сатыға көтерілу, ол үшін абыройлы да заңды, түсінікті құбылыс. Бұл оның өмір мектебінің принципі. Осы принциптің арқасында ол өзін кез келген лауазымды азаматтармен терезесін тең ұстады. Оларды сыйлады, алдында жалпаңдамады, жалтақтамады. Лауазымның табиғатын терең түсінді.

Жастық шақты Түркеш күйіндегі бәйгі аттың тұяқ дүрсіліндей бірге өткізген, дарындыны даралап, білімдіні бағалап, көненің көзіндей, дананың сөзіндей, нені айтса да біліп айтатын, келеңсіздікті тіліп айтатын, айтайын деген ойын әбден пісіріп айтатын, бір сөзіне бір сөздің сәулесін түсіріп айтатын, зерделі қайран досым Жарылқасынды Алла жарылқасын! Қабаққа біткен қайыңдай қайыспас қайсар мінезді ақиық досым марқұм Жарылқасын Бикенұлының әруағы алдында тағызым, Алла алдында бағыштадым!

Болат ҚАЖЫ-КӘРІМ, Алматы қаласы