Жарақаттың алдын алу маңызды
Жаз мезгілінде балалардың көшеде көбірек уақыт өткізуіне байланысты жарақат алу жағдайлары да артып отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырады.
Министрліктің мәліметінше, биыл ақпан айынан бері елімізде сүйегі сынған, буыны шыққан және түрлі жарақат алған 7 мыңға жуық балаға медициналық көмек көрсетілген. Жарақаттардың ең көп бөлігі – көшеде болған оқиғалардың үлесінде. Олар барлық жағдайдың 45 пайызын құрайды. Одан кейін тұрмыстық, спорттық және мектептегі жарақаттар тіркелген.
Дәрігерлердің айтуынша, балалар көбіне соғылып, сіңірлерін созып алады. Сондай-ақ сүйек сынуы мен буын шығуы жиі кездеседі.
Мамандардың пікірінше, мұндай оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін балаларды қараусыз қалдырмау, велосипедпен немесе самокатпен жүргенде қорғаныс құралдарын пайдалану, жол қозғалысы ережелерін сақтау және ойын алаңдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне барынша жауапкершілікпен қарап, әрбір баланың өмірі мен денсаулығына мұқият болуға шақырады.

