«ЖАРҚЫЛДАП ЖАЙЫҚ БОЙЫНДА…»

Өнер, оның ішінде Алаш баласы айрықша қастерлген сөз өнерінің тарихында уақыт озып, замана көші ілгері жылжыған сайын тұлғасы көмескі тартып, сұлбасы ғана қалатын қаламгерлер де, керісінше ақ алмастай жарқылы көбейіп, жалыны жалқындана беретін суреткерлер болады. Кейінгісін біз классик деп атаймыз. Өйткені классикке уақыт деген категорияның қатысы тым шартты. Ал классикалық шығарма дегеніңіз қай уақытта да күтпеген құпиясын ашып, тылсымына тарта беретін мәңгілік туындылар.

Дәуірінің тынысымен ғана тыныстап, кезең келбетінің бетін шиырлаған, дәуірінің дәргейінен шықпаған қанша ақын бұл жалғанда болмағандай, өндірте өлең жазбағандай зым-зия жоқ болды. Бұл әсіресе ХХ ғасырдың тағдырлы әдебиетіне көп қатысы бар лепес. Алаш арыстарының алтын бастары алынып, түптұқиянымен жермен-жексен етілгеннен кейін, ХІХ ғасырда Абай қалыптаған жаңа әдебиетті соцреалистік ұйыққа жұтылып кетуінен, кеңесшіл тобырдың ұраншыл әпербақанынан арашалап қалған тұлғалар санаулы-ақ. Соның бірегейі – Қасым. Әрине, ол кезеңдік тақырыптарға қалам тартпады, өзінің қоғамының талаптарынан абсолютті еркін болды деп айта алмасақ керек. Қасым да «советтік өз елін», «жер жүрегі – Кремльді», «сары ала егін жайқалтқан ұлы октябрь ұрпағын» жырлады. Жырлауға мәжбүр болды демей-ақ қояйық, айрықша шабытпен, романтикалық пафоспен жырлады. Өлең өзегіне айналған сол шақтағы тарихи оқиғалар ақынның риясыз сеніп, алғаусыз барған тақырыптары. Бірақ оның ішкі түйсігі ол өлеңдердің мінсіз екендігіне шүбаланады. Оның негізгі стихиясы – қазақтың салқар даласы, сол даланың желмен жарысқан ұланының асқақ рухы еді. Кезеңдік туындылар осындай ішкі қажеттіліктен, өртенген өзектен туған өлеңдерінің саяси қалқаны, қорғаныш сауыты да болды. «Менің жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырайды» дегені осыдан.

Ұлттық поэзияға Абай, Мағжаннан кейін төңкеріс жасаған, ақындық өнердің ендігі жаңа межесін белгілеген, Махамбеттің өршіл романтикасын жазба әдебиетіне мықтап орнықтырған алапат ақынның мұрасы өзінің лайықты ғылыми бағасын алып болды ма? Қазіргі қасымтану ілімінің халі нешік? Міне, осы сауалдың жауабын іздеу барысында бірді-екілі еңбектер ғана тілге тиек етіледі. ХХ ғасырдың 70 жылдары жарыққа шыққан Тұрсынхан Әбдірахманованың докторлық диссертациясының негізінде жарыққа шыққан «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» зерттеу кітабы көп жылдар бойы қажетімізге жарап келгені рас. Алайда автор Қасым поэтикасын зерделеуде өз дәуірінің әдіснамалық талаптарын ескеруге тиіс болғанын да жадымызда ұстау қажет-ақ. Академик С. Қирабаев «Қыран қанатты ақын» деген мақаласында «Әдебиетте көркем шығарманы «қайта оқу» деген ұғым бар. Заман өтіп, уақыт ауысқан сайын бұрынғы оқылған кітаптар қайта оқылады, жаңаша ұғылады. Әр шығарма оқыған сайын жаңарып естіледі, оның өзгеше мән-мағынасы ашылады. Қазақтың ұлы ақындарының бірі — Қасым Аманжолов шығармаларын дәл бүгінгі егемен ел мүддесі тұрғысынан қайта оқысаң, оның сол тәуелсіздікті аңсап өткен арманын, заманынан оза шапқан қиялының биіктігі мен көрегендігін айқын көресің. Ақынның әр сөзі тәуелсіздіктің жырындай естіледі» деген бағасы бүгінгі күннің сөзі. Тәуелсіздік тұсында Қ. Аманжолов поэзиясының кей аспектілеріне арналған Қ. Қалиева мен Мұхтаровтың зерттеулері ақын шығармашылығының жеке аспектілеріне арналды. Бізге Қасымның ұлттық сөз өнеріндегі лайықты орнын әйгілеп беретін бүгінгі тәуелсіз сана сарабынан өткен, соны әдістемеге негізделген іргелі зерттеулер керек.

Университетіміздің филология факультетінде «Қасымтану» ғылымизерттеу орталығының ашылуы қазақ әдебиетінің классигі Қасым Аманжоловтың мұрасын жан-жақты игеру мен насихаттау бағытында үлкен оқиға. Осы іске ұлттық мүдде жолында айрықша қайрат көрсетіп келе жатқан қайраткер, алаштанушы, заңгер Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің мұрындық болуы сүйінерлік жағдай. Университет басшысының қамқорлығы мен қолдауы осы іске жұмылдырылған ғалымдарға да үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ғылыми Орталық ең әуелі Қасымның әдеби мұрасын игеруге қатысты жүйелі жоспар әзірледі. Соның алғашқы сатысы – ұлы ақын табанының табы қалған, ақындық тұлғасының қалыптасып, өсу кезеңдері өткен Семей, Орал, Алматы қалаларындағы мұрағаттардағы материалдарды қайта бір сүзіп шығу, сол өңірлердегі басқа да мәліметтерді жиыстыру болатын. 2021 жылдың ақпан айында жазушы, докторант Алмаз Мырзахметов екеуміздің Алматыға жасаған сапарымыз жайы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде кең түрде баяндалды. Ақынның аяулы қыздары Жанна, Дариға апайлармен болған әңгіме, олардың әке өмірінен шерткен естеліктері, ұлы ақынның өз қолымен ұстаған, алақанының табы сіңген кітаптары, фотосуреттер – Алматы сапарының басты олжасы еді.

Сәуір айында университетіміздің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Қожахметұлы Смағұлов екеуміз Қасым өмірінің ең бір романтикалы, жалынды жастық шағының куәсі болған Орал қаласына сапарладық. Орал – Қасымның ұлы махаббаты! Орал – Қасым поэзиясының символдық образы!

Оралым, сенің қойныңда

Ойнақтап өткен жылдарым,

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғаным.

немесе:

Шағанның бойы – көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс;

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Кезінде Тәкен Әлімқұлов «Орал – ақынның талай тәтті арманын, творчестволық ойын әлдилеген құтты бесігі» деп дәл айтқан-ау! Орал образы сомдалған цикл өлеңдері небір ғажайып теңеулерімен, бейнелі сөздерімен ғана емес, асқақ ақындық рухтың, құдыретті өнер жасампаздығының символы.

Қош болшы енді, Оралым,

Мен үшін сен күл, сайранда…

Айтпақшы қайда бораның? –

Кетейін алып майданға.

Осы бір шумақтың өзінде-ақ, Қасым ақынның бар болмысы жатыр. Өршелене өрге ұмтылған жас қыранның көзіндегі от пен деміндегі жалынның бір сәтте мұңға айналып шыға келетін поэтикалық қуат та андағайлап тұрған жоқ па?!

Орал Қасымның азамат ретінде де, ақын ретінде де күрделі ізденістерінің мекені. Осы сапар аясында Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында болып, 1930 жылдары Қасым Аманжолов қызмет атқарған «Екпінді құрылыс» газетінің тігінділерін қарап шықтық. Онда ақынның сол шақта жарыққа шыққан өлеңдерімен қатар, публицистикалық мұраларына да үңілдік. Мұрағатта жұмыс жасау барысында Қ. Аманжоловтың бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген, бүркеншек атпен жарияланған мақалалары да табылды.

Іссапар Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданында жалғасты. Мұндағы Қасым Аманжолов атындағы мектеп ұжымымен, оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Мектеп алдындағы Қасымның мүсінінен бастап, ақын атындағы мұражайдан, кітапханадан ұлы ақынға деген шексіз құрметті байқайсың. Кездесу барысындағы жүздері бал-бұл жанған оқушылар Қасым өлеңдерін бірінен кейін бірі іліп әкетіп, жатқа төгілдіре айтқанда құйқаң шымырлайды. Балалар тарапынан оқылған жырларды Қасымның туған өлкесіне деген тағзымдай қабылдадым. Қоштасар сәт алдында ақынның атын ұлықтаған мектеппен тізе қоса атқаратын жұмыстардың ауқымы белгіленіп, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ғалымдарымен бірлесе жүргізілетін ғылыми жобалар жайында келісілді.

Батыс өлкесіндегі қара шаңырақ – Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің ұжымымен кездесу болып өтті. Аталмыш университеттегі «Рухани жаңғыру» институты ғалымдарымен Қ. Аманжолов мұрасына қатысты зерттеулерді бірлесе атқару ұйғарылды. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан инновациялықтехнологиялық университетінің ұжымымен кездесу өткізіліп, бұл оқу ордасындағы қасымтанушылар еңбектерімен танысып шықтық. Бізде құрастырылып жатқан «Қасым Аманжолов тағылымы» ғылыми жинағына ұсынатын бірнеше мақалалар талқыланды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық Жұбан Молдағалиев атындағы кітапханасынан Қасымтануға байланысты кітапханада жинақталған материалдар түгелге дерлік алынды. Орал қаласындағы «Қадыр Мырзалиев орталығына» барып, ондағы Қасым Аманжоловтың ғұмыры мен шығармашылығына байланысты көрмемен танысып, орталықпен бірлесе ғылыми жұмыс жүргізу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Облыстық «Ақ жайық» телевидениесінде түсірілген арнайы бағдарлама да қасымтанудың өткені мен бүгіні, болашақ межелері туралы ой бөлісуге мүмкіндік жасады.

Қуанышты жаңалық – Оралдағы Қасымның тұрған үйі мемлекет қарауына алынып, мұражайға айналатын болыпты. Ақжолтай хабарды естіп көңіл тағы бір марқайды.

 Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,

академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.