Жануарлар дүниесін қорғау
Жануарларға тыйым. Өзбекстанда жабайы жануарларды циркте қолдануға тыйым салатын заң қабылданып, арнайы жануарлар тізімі бекітілді. Бұл тізімге негізінен көрермендер манежде көріп үйренген төрт аяқтылар мен құстар кіреді. Қазақстан осы бастаманы қолдауға дайын ба? Мұндай жаңашылдықтың себебі неде және бұл туралы жерлестеріміз не ойлайды?
Ғаламторда жарияланған қойылымдарда жануарлардың бір-біріне және жаттықтырушыларына шабуыл жасаған тосын сәттерден көз ашпайды. Бірақ кадр сыртында төрт аяқты әртістердің сахна сыртындағы өмірі қалып отыр – олар өз табиғатына қайшы келіп, қысқа ғұмырында күнделікті тамағы үшін, мәжбүрлі түрде жұмыс істейді. Қалағаннан тыс азапқа шыдайтын бұл жануарлар әртүрлі қалаға тасымалдау кезінде тар контейнерлерде, суықта не ыстықта қамалады. Оның үстіне «таяқ пен кәмпит» әдісімен жаттықтыру тәсілдері тағы бар.
– Жануарларға қатал қарауды қаламызға Запашный циркі келгенде көрдім, немеремді алып барғанмын. Запашный сахнаға жай кірмейді, тапаншамен кіреді. Әртүрлі жағдай болуы мүмкін, ондай жағдайлар бір емес, бірнеше рет болған. Әрине, адамдар үшін бұл әдемі көрініс шығар, бірақ жануарлар үшін бұл – үздіксіз стресс, үнемі орын ауыстырулар. Шапито дегендерін де, мысалы, бір аюды білемін, үнемі темір тордың ішінде ұстайды, – дейді Қарағанды зоологиялық паркінің зоотехнигі Амин Алин.
Өзбекстандағы көршілеріміз жануарларды енді адамдарға күлкі қылуға шығармайды. Жаңа жылдан бастап жабайы жануарларды циркте қолдануға тыйым салынады және бұл тыйым жан-жақты бекітілген тізім арқылы жүзеге асады. Фауна өкілдерін хайуанаттар бағына және питомниктерге тапсыру міндеттеледі. Зооқорғаушылардың айтуынша, бұл қоғамда жануарларға деген ізгі қатынас қалыптастыру жолында үлкен қадам.
– Өзбекстан үшін бұл шынында да жаңашыл заң, себебі, оларда еліміздегідей гуманитарлық заң жоқ, бірақ соған қарамастан олар бірден осындай көріністік шараларды тоқтату туралы заң қабылдады. Жануарларды қорғау керек деп ойлаймын, – деп «Добрый город» қорының жетекшісі Наталья Уголькова өз ойымен бөлісті.
Айта кетейік, Қазақстанда 2022 жылдың 1 наурызынан бастап «Жануарларға жауапты қарау туралы» заң күшіне енді, ол жануарлардың өмірі үшін иелерінің жеке жауапкершілігін қарастырады және жануарларды қатал қараудан қорғауды көздейді. Осы заңның бір нормасы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап көшпелі зообақтар мен көрмелерге, ерекше тізімге енген жануарлармен байланыста болатын зообақтарға және океанариумдарға белгілі бір мөлшерде тыйым салады.
– Бізде осындай тізім бар, осындай заң бар, бірақ ешкім ол туралы білмейді. Бізде ережелер де, заңдар да бар, енді тек олардың орындалуын қамтамасыз ету керек, сонда бәрі тамаша болар еді, – дейді Наталья Уголькова.
Зооқорғаушылардың пікірінше, Қазақстандағы келесі қадам жабайы жануарларды цирк қойылымдарында қолдануға толық тыйым салу болуы мүмкін.
– Бұған біз де жетеміз, себебі, әлемде жыртқыш аңдардың қойылым жасауына тыйым салынып келеді, көршіміз Өзбекстан да осындай заң қабылдады, ол бізге де жететіні анық. Қолдаймыз, онсыз да жануарларды табиғаттан бөлмеген дұрыс, – дейді зоотехник Амин Алин.
Қазіргі уақытта жануарлары бар цирктер Қазақстанда жұмысын жалғастыра береді, ал билік өкілдеріне және барлық бейжай қарамайтын азаматтарға олардың жұмысын бақылап, жануарларды ұстау жағдайларын тексеру мүмкіндігі сақталады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»