Жанармай қымбаттайды, азық-түлік ше?

Елімізде бензин мен дизель отыны қымбаттайды. Бұл туралы дүйсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, егер дәл қазіргі бағаны өзгеріссіз сақтап қалсақ, оның салдары қазақстандықтар үшін ауыр болуы мүмкін. Неге олай? Толығырақ тарқатайық…

Баға өсіруге не әсер етті?

Бір қарағанда, мұнай үстінде отырған Қазақстан үшін жанар-жағармай бағасының өсуі – абсурд. Мұнайды өзіміз өндіреміз және оны өңдейтін, дайын өнім ұсынатын зауыттарымыз да бар. Сөйте тұра қымбаттату жоспарланған. Неге? Мұның себебі ішкі нарық сұранысы және көрші елдерге кетіп жатқан жанармай мөлшерінің көп болуында екен. Иә, Қазақстанда бензин мен дизель отынының бөлшек саудадағы бағасы көршілерге қарағанда айтарлықтай арзан. Алайда оның қызығын отандастарымыз емес, ортадағы алыпсатарлар көріп келген.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент кеңесшісі болып тағайындалған Болат Ақшолақовтың ақпаратына сенсек, соңғы 5 жылда Қазақстанда бензин шығару көлемі 70%-ға (3 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін), дизель отынын өндіру 30%-ға (4 млн тоннадан 5,2 млн тоннаға) өскен. Яғни дизель отынын өндіруден рекордтық көрсеткішке қол жеткізіппіз. Дей тұрғанмен елде жанармайдың бұл түріне деген сұраныс тым жоғары. Тіпті кей өңірде оның тапшылығы да байқалған. Салдарынан жекелеген құрылыс компаниялары жұмысын уақытша тоқтатып, экономикалық өсімге кері әсер ету фактілері де тіркелген-ді. Экс-министрдің айтуынша, нарықтағы дизель отынына деген сұраныстың өсуіне себеп болған негізгі фактор – транзиттік көлік ағыны, сонымен қатар Қазақстаннан шетелге сұр схема бойынша алып кетіп жатқан экспорт.

– Мамандардың есептеуінше, былтыр шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель отынының көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады, ал сұр экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна («IHS Markit» есебі бойынша). Отандық отын бағасы көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай арзан. Қазақстан әлемдегі жанармайы арзан он елдің қатарында. Мысалы, Ресейде дизель отынының бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45%-ға қымбат. Қырғызстандағы баға 64%-ға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есе қымбат, яғни литріне 480 теңге, бағамыздағы айырмашылық 101%, – дейді экс-министр Болат Ақшолақов.

Бұл дегеніміз – көрші елдердегі жағдай біздің ішкі нарықтағы ахуалға тікелей ықпал етіп отыр. Мәселен, 2022 жылдың соңына таман Ресейде дизель отынының бөлшек саудадағы бағасы арзандап, Қазақстандағы бағамен теңесті. Салдарынан шекаралас аймақтарда дизель отынына деген сұраныс азайып, тапшылық жойылған. Осындай өзгерістерді бақылаған сала мамандары Қазақстан үшін жанармай бағасын арзан бағада ұстап тұру тиімсіз деген қорытындыға келіпті. Егер көрші елдерде жанармай бағасы күрт қымбаттаса, бізде сұраныс та жоғарылап кетеді екен.

– Көрші елдердегі баға күрт көтерілген кезде, біз дизель отынын өндіру көлемін арттырсақ та, күз айларында бәрібір тапшы болып отыр. Осы жылы да бағадағы айырмашылық сақталып отыр. Салдарынан өткен жылғы наурыз айымен салыстырғанда тұтыну көлемі 15%-ға артқанын көріп отырмыз. Бұл жағдай сақтала берсе, онсыз да шетел асып отырған қазақстандық дизель отынының көлемі арта түсіп, биылдың өзінде 850 мың тонна дефицитке тап болуымыз мүмкін, – дейді Болат Ақшолақов.

Алыпсатарлардың ішкі нарыққа бағытталған жанармайды сыртқа тасуына тосқауыл қою шаралары да қабылданған болатын. Мәселен, жанармайды теміржол және көлікпен шығаруға тыйым салынды, ресурс иелеріне жанармайды тікелей жанармай станцияларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды, мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін сату кезіндегі өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Бұл ішкі нарықтағы ахуалды біршама тұрақтандырғанымен де, мәселені толық шеше алған жоқ. Сондықтан баға айырмасын азайту жөнінде шешім қабылданып отыр екен. Әйтпесе Қазақстан экономикасына ауыр соққы тигелі тұр.

– Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз, бұл – бір.

Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешбір шектеудің біз күткендей нәтиже бермесі анық.

Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция «көлеңкелі» нарықты дамытып, ұлттық экономикаға/мүддеге кері әсерін тигізеді.

Төртіншіден, жанармайға төмен бағаның сақталуы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр, – деді экс-министр.

Осылайша АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрін 182-187 теңгеден 205 теңгеге қымбаттату (өңірге байланысты, өсім 11%), дизель отынының литрін 295 теңгеге (орташа есеппен өсім 20%) қымбаттату туралы бұйрық жобасы жарияланды.

– Бағадағы айырмашылық мәселесін қазір қолға алмасақ, алдағы уақытта біз үлкен тапшылықтың куәгері боламыз. Сондай-ақ экономикалық маңызды саланы дамыту мүмкіндігінен айырылып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де әсер етеді, – деп қорытындылады Болат Ақшолақов.

Азық-түлік бағасы қалай құбылады?

Қош делік, бензин мен дизель отынының қымбаттауына қатысты ахуал түсінікті. Үкімет бұл қадамға амалдың жоғынан барды делік. Осы арқылы құрылыс, тау-кен, металлургия сынды аса маңызды экономикалық секторларды құтқарып қалсын. Алайда бензин бағасы 1 теңгеге қымбаттаса, азық-түлік бағасының шарықтап кететіні бар емес пе? Бұған қандай тосқауыл қойылады? Экономиканың өндірістік секторын құтқарамыз деп жүргенде тұтынушы саланы тоқыратып алмаймыз ба?

Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Жарлығымен Үкіметтің жаңа құрамы бекітіліп, жұмысына кіріскен-ді. Алғашқы отырыста талқыланған басты тақырып та осы жанармай бағасының қымбаттауына қатысты болды. Үкімет басшысы лауазымына қайта тағайындалған Әлихан Смайылов та бұған дейін Энергетика министрінің міндетін атқарған, бүгінде Президент кеңесшісі лауазымына жоғарылап кеткен Болат Ақшолақовтың сөзін қостап, бағаның өсуі уақыт талабы екенін айтты. Ал Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин болса бензин мен дизель отыны бағасының өсуі азық-түлік бағасына айтарлықтай әсер етпейтінін айтып сендірді.

– Ірі өндірушілердің біразы жанар-жағармай емес, газ пайдаланады. Ал газ қымбаттап жатқан жоқ. Қазір егін кезінде 413 мың тонна дизель отыны бөлінді. Былтыр 400 мың тонна болған. Ол бұрынғы бағамен (204 теңге) беріліп жатыр. Қалааралық тасымалдағы жүк көліктері дизель отынымен жүреді. Тасымалданатын тауар жеңіл болса, бағасына қымбаттау әсер етеді, ауыр заттарға онша әсері болмайды. Ол пропорцияға байланысты. Мысалы, жұмыртқа мен тауық етінің құнында жанар-жағармайдың үлесі 2 пайыз ғана. Қантта 5 пайыз. Себебі тасымалдау қымбаттайды. Күнбағыс майын алсақ, дизель отыны 25 пайызға қымбаттаса, күнбағыс майының құны 2,4 пайызға өседі. Мысалы, қазір ол 700 теңге тұрады деп есептесек, 14 теңгеге өседі, – дейді министр Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, елдегі бағаның күрт жоғарылап кетуіне көп жағдайда логистиканың қиындауы емес, адамдардың дүрбелеңге жол беруі ықпал етеді екен. Былтыр қараша айында басталған инфляцияға да осы себеп болыпты.

– Адамдар бағаны көтеруге үйренген. Ол сағатына 100 км жылдамдықпен келе жатқан локомотив сияқты, тоқтату үшін уақыт керек. Әрең-әрең ақпан айында тоқтады, – деді министр.

Айта кету керек, Үкімет отырысынан соң Премьер-министр Әлихан Смайылов жаңадан тағайындалған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті ведомство ұжымына таныстырып, энергетика саласындағы алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді белгіледі.

Үкімет басшысы Энергетика министрлігінің ірі мұнай-газ жобалары мен экспорттық көлік дәліздерін дамыту жұмыстарын күшейту, газды қайта өңдеуді ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау, жылу және электр энергиясын өндіру секторын нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жалғастыруы қажеттігін атап өтті.

Соңғы кезде көп жыл бойы қордаланып келген кей мәселенің беті ашылуда. Дизель отынының жетіспеушілігі, электрмен және газбен жабдықтаудағы ақаулар, жылумен жабдықтау объектілеріндегі апаттар – осының бәрі энергетика саласында елеулі проблемалардың бар екенін көрсетіп отыр. Олардың барлығы жедел түрде шешілуі керек, – деді Әлихан Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы министрліктің басты міндеттерінің бірі ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толықтыру екенін, осыған байланысты олардың өндірісі мен айналымын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»