Жалпыхалықтық референдум

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ел үшін маңызы бар әрбір қадамды халықтың қолдауына сүйеніп жасау қажет. Атом электр станцияларына қатысты референдумда дәл солай болуы керек», деп атап өтті. Биыл 6 қазан күні АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум күні деп жарияланғаны мәлім.

2 қыркүйек күні Ел президенті халыққа кезекті жолдауын жария етіп, бірқатар мәселеге тоқталды. Елімізді дамыту бағытын бағдарлап, жаһандық мәселені де қозғады. Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі, экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады, деп ойды түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр станциясын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы, стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санайды. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. АЭС салуға қатысты мәселеде халық пікірі маңызды деді Президент өз сөзінде. Референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болғанын, бұл мерзім азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті болғанын, сондықтан Үкіметтің ұсынысын қолдайтынын атап өтті. Жолдау барысында Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты Жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетіні де жария етілді.

– Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз, – дейді Мемлекет басшысы.

Қарағанды ​​облысының қоғам өкілдері референдумды «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың үлгісі болатын «ауқымды ұлттық диалог» ретінде қолдап отыр. Және бұл күнде еңбек ұжымдарында болсын, жастар арасында, студенттік ортада АЭС салу мәселесі талқыланып, талқылау алаңында өзара пікір алмасуда.

– Біз күні кеше ғана, университет оқытушылары студенттермен кездесіп, осы атом энергиясының қандай пайдасы болады, біздің келешек ұрпақтарымызға оның қандай жақсы жақтары болады деген мәселелерді талқыладық. Менің ойымша, біздің барлығымызда бір жақсы пікір қалыптасып қалған. Себебі, елдің болашағы, бәріміз үшін өзекті, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарЗУ ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Сондықтан бұл сұрақ төңірегінде асықпай, мән-жайды зерделеп шешім қабылдау дұрыс дейді, спикер. Президент айтқанындай: алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Және осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізі қаланып, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісі жасалмақ.

АЙДЫН ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»