Жалпыға бірдей оқу қоры: құжат қабылдау басталды

Оқушыға қаржылық көмек көрсету. Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Басты мақсат – балаларды мектепке дайындау.

Қала мектептерінде жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен түрлі санаттағы балаларға материалдық көмек көрсету жұмыстары басталды.

Бұл көмек атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын балаларға, жан басына шаққандағы табысы төмен, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларындағы балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайға тап болған балаларға және мектептің алқалы органы – қамқоршылық кеңес айқындайтын өзге де санаттарға көрсетіледі.

Ақшалай көмек ата-аналарға карталық шотқа аударылады, бұл оларға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын және басқа да қажетті заттарды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Биыл ақшалай көмек көлемі 43407 теңгені құрайды.

– Ағымдағы жылдан бастап №64 Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулысына сәйкес қаржылық және материалдық көмек көрсету – мемлекеттік қызмет. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметті алу үшін Сізге «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылай және материалдық көмек көрсету» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген растайтын құжаттарды ұсына отырып, мектеп кеңсесіне өтініш беру қажет, – деп атап өтті қалалық білім бөлімінде.

10 тамызда барлық мектеп «Жалпыға бірдей оқу қоры» қаражаты есебінен көмек алушылардың тізімін бекітеді. Осыған байланысты, ата-аналарға бала оқитын мектепке жүгініп, санатқа қажетті растайтын құжаттарды ұсыну немесе деректерді жаңарту және «Жалпыға бірдей оқу қоры» қаражаты есебінен көмек алуға өтініш беру қажет.

Сұрақтар бойынша қалалық білім бөлімінің мамандарына мына нөмір арқылы хабарласуға болады: 34-34-13.

Қарағанды қаласының білім бөлімінің ақпараты негізінде