Жаңару мен жаңғыру жолы

Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы арқылы қазақстандықтарға саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Аталмыш Жолдауда Президент басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу қажеттігі туралы баяндап, Парламенттің ролін күшейту арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашатынын баяндады.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта Парламенттің ролін күшейту міндеті тұрғанын, Жаңа Қазақстанның азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналатынын, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты басшылыққа алынатынын мәлімдей келе, осы стратегиялық мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастама ұсынды.

Олардың қатарында партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеу, Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып Парламенттің ролін айтарлықтай арттыру, сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайту, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізу бар. Бұл өз кезегінде азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайта түспек.

Жолдауда одан бөлек Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10 депутатқа дейін азайды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Ал Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылып, Мәжілістің мәртебесін арттыру мақсатында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп береді.

Ролін арттырып, дербестігін күшейту мақсатында мәслихат төрағасы лауазымы енгізілді.

Тағы бір айта кететін өзгеріс – пропорционалды-мажоритарлы үлгідегі аралас сайлау жүйесіне көшу. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Ал аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлы жүйеге көшті.

Бүгінде Мемлекет басшысының аталмыш Жолдауда айтқан «Жаңа Қазақстан» құрудағы мемлекеттің алға қойған мақсаттарына орай бағдарламалық ұсыныстары жүзеге асырылуда.

Құралай САТБАЕВА,

заң ғылымдарының кандидаты, доцент