Жаһандық жылынудан зардап шекті
Жыл өткен сайын Жер шарының орташа жылдық температурасы өзгеріп барады. Соның салдарынан әлем елдері айтарлықтай жапа шегіп жатыр. Мәселен, Бейжіңде қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Онда ашық аспан астында жұмыс істеуге тыйым салынған.
Ми қайнатар ыстық АҚШ пен Еуропа тұрғындарын да әбігерге салып жатыр. Ауа райының тосын мінез көрсетуіне не себеп? Сарапшылардың сөзінше, ең бірінші себеп – климаттың өзгеруі. Соның салдарынан Антарктидадағы мұздықтар да еріп жатыр екен. Бұл аздай, түнеугүні ғана әлем жұрты тарихтағы ең ыстық күнді бастан өткерді.
Жер бетінде күн шамадан тыс ысып барады. Бұл – БҰҰ-ның баяндамасында жарияланған мәлімет. Қазір ғалымдар дабыл қағып жатыр. Өйткені мұның соңы қиынға соғады. Жаһан жұрты қазірдің өзінде аптап ыстықтан зардап шегіп жатыр. Өрт өршіп, өзендер тасып, қуаңшылық күшейіп, мәңгілік мұздардың мүжіліп бара жатқаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтылып, жиі жазылып жүр.
Бұл мәселеге қатысты жуырда тағы бір жантүршігерлік ақпар жария болды. Жер бетінде ең жоғары температура тіркелді. АҚШ-тың Қоршаған ортаны болжау жөніндегі ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, жаһандық орташа температура 17 градусқа жеткен. Осылайша 2016 жылғы рекорд жаңартылып отыр. Планетамыздың біраз бөлігінде сынап бағанасы орташа есеппен 37 градусты көрсетіп тұрған кезде, бұл көрсеткіш болмашы ғана болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнісінде мүлдем олай емес. Ғалымдар пікіріне ден қоялық.
Сара Капник, Мұхит және атмосфераны зерттеу жөніндегі ұлттық басқарманың бас ғалымы:
– Менің ойымша, жер бетінде тіркеліп жатқан экстремалды ауа райы зиянды заттардың атмосфераға таралуы тоқтамайынша жалғаса береді. Климат өзгеріп, жаңа рекордтық көрсеткіштер тіркеледі. Айта кетейін, ХІХ-ХХ ғасырларда әлемдегі орташа температура қазіргіден 1,8 градусқа төмен болған.
Мамандардың айтуынша, күннің бара-бара ысып жатқанын жекелеген аймақтардан байқауға болады. Мәселен, Канада мен Перуде, Қытай мен АҚШ-та ауа температурасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Иә, мұның бәрі – климаттың өзгеруінің әсері. Соның салдарынан қазір жер-жерде хаос орнап жатыр. Мұны Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мамандары да мойындап отыр. Мәселен, Латын Америкасында кейінгі 30 жылда ауа температурасы әр он жыл сайын 0,2 градусқа көтеріліп отырған. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай, ұйым өкілдерінің айтуынша. Соның кесірінен қуаңшылық көбейіп, орман өрті жиілеп кеткен. Ал одан шыққан көмірқышқыл газы соңғы 20 жылда болмаған көрсеткішке жетіпті.
Мамандардың айтуынша, құрғақшылық пен түрлі дауылдан Латын Америкасындағы мемлекеттердің экономикасы 9 миллиард доллар шығынға батқан.
Петтери Таалас, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының бас хатшысы:
– Климаттың өзгеруіне бейімделуіміз керек, өйткені бұл үрдіс кем дегенде 2060 жылға дейін жалғасады. Жыл өткен сайын бұрын-соңды болмаған аптап пен құрғақшылық Жер шарында жиілей түседі. Кариб аймағындағы дауылдар әлдеқайда қауіптірек болады.
Климаттың өзгеруінен жалғыз Латын Америкасы ғана жапа шегіп жатқан жоқ. Жаһандық жылыну құрбандары Азияда да тіркеліп жатыр. Мәселен, Индонезия астанасы Джакартадан 80 шақырым жерде орналасқан бір ауыл түгел су астына кетуі мүмкін. Теңіздің қазіргі деңгейі жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Өйткені кейінгі 2 жылда жағалау 6 метрге қысқарып қалған. Ғалымдардың болжамы бойынша, алдағы жылдары аралдың басым бөлігін су басуы мүмкін.