Жаңа талап жол қауіпсіздігін күшейте ме?

Қазақстанда жүргізуші куәлігін беру жүйесіне қатысты ауқымды өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Мәжілісте Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің деректер базасын біріктіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жаңа талап бойынша Ішкі істер министрлігі енді азаматтардың медициналық деректеріне қол жеткізе алады. Денсаулығына байланысты көлік басқаруға қарсы көрсетілімі бар адамдарға жүргізуші куәлігі берілмейді, ал мұндай шектеуі бар азаматтарда бұрыннан бар құжат автоматты түрде жойылуы мүмкін.

Парламент өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда елде шамамен 22 мың адамның көлік жүргізуіне медициналық тұрғыда тыйым салынған. Соның ішінде 5 мыңға жуық адамның куәлігі тек жол-көлік оқиғалары немесе сот шешімінен кейін ғана тоқтатылған. Жаңа жүйе бұл олқылықты жойып, қауіп тобына жататын жүргізушілерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева медициналық қарсы көрсетілімдердің маңызын атап өтті.

– Көлік жүргізуге қойылатын медициналық қарсы көрсетілімдер – жай ғана анықтама емес, бұл жолдағы қауіпсіздікке тікелей әсер ететін фактор. Қазіргі таңда көлік басқаруға мүлдем тыйым салатын нақты диагноздар бар. Алайда бұған дейін Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің деректер базасы толық біріктірілмегендіктен, маңызды ақпарат кейде кеш жетіп отырды, – деді депутат.

Мамандар мұндай өзгерістердің қажеттілігін нақты оқиғалармен де байланыстырады. Бұған дейін Аманжолов көшесінде болған ірі жол апаты салдарынан бір адам қаза тауып, бірнешеуі жарақат алған еді. Тергеу барысында жүргізушінің созылмалы ауруына байланысты рульде есінен танып қалғаны анықталған.

Қолданыстағы тізімге эпилепсия, шизофрения, деменция, көру қабілетінің ауыр бұзылуы, бас айналу синдромы сияқты бірқатар диагноздар кіреді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, мұндай шектеуге қарамастан кейбір азаматтар көлік басқаруын жалғастырып келген.

Жаңа жүйе енгізілсе, медициналық деректер автоматты түрде ІІМ базасына жіберіліп, қарсы көрсетілімі бар адамдардың жүргізуші куәлігін алу немесе сақтау мүмкіндігі шектелмек.

Осы орайда қарағандылықтар арасында түрлі пікір қалыптасқан. Бір бөлігі бұл бастаманы қолдап, жол қауіпсіздігі үшін маңызды қадам деп санайды.

– Ондай адамдарға көлік жүргізу куәлігінің берілмеуі дұрыс. Өйткені жол үстінде күтпеген жағдай туындап, ауыр апатқа себеп болуы мүмкін, – дейді қала тұрғындарының бірі.

Екінші тарап болса, бұл шешімнің дұрыс екенін мойындағанымен, жүйенің әділ әрі нақты жұмыс істеуіне күмән келтіреді.

– Иә, бұл жақсы идея. Бірақ ең бастысы – оны дұрыс қолдану. Өйткені кез келген жүйеде қателік кетсе, адамдар негізсіз құқығынан айырылып қалуы мүмкін, – дейді тұрғын.

Қоғам өкілдері де деректер базасын біріктіру барысында техникалық ақаулар мен қателіктер қаупін жоққа шығармайды. Сондай-ақ «дәрігерлік құпия» мәселесі мен деректердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар да өзекті күйінде қалып отыр.

Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Василий Климаков бұл бастаманы асығыс жүзеге асыруға болмайтынын айтады.

– Ең алдымен мұндай жүйенің нақты талдауы қажет. Денсаулық жағдайына байланысты қанша жол апаты болғанын білу маңызды. Бұл жай ғана базаларды біріктіру емес, өте күрделі процесс. Сонымен қатар медициналық ақпараттың құпиялығы мен сапасы да басты назарда болуы керек, – деді ол.

Сондай-ақ сарапшылар жүргізуші куәлігінен айырылып қалу қаупі кей азаматтың медициналық тексерістен әдейі бас тартуына әкелуі мүмкін екенін де ескертеді. Бұл өз кезегінде дер кезінде анықталуы тиіс аурулардың асқынуына себеп болуы ықтимал.

Соған қарамастан, халықаралық тәжірибеде мұндай жүйелер жол қауіпсіздігін арттыруда тиімді құрал ретінде қолданылып келеді. Еуропа елдерінде полиция мен медицина арасындағы деректер алмасу жолға қойылған болса, Оңтүстік Кореяда егде жастағы жүргізушілердің жарамдылығы қосымша тексеруден тұрақты түрде өткізіледі.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»