Жаңа оқу жылында оқушыларды қандай өзгерістер күтеді?

Жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық білім беру жүйесінде бірқатар жаңашылдық енгізіледі. Өзгерістер ең алдымен оқушылардың білімді қаншалықты меңгергеніне, оны тәжірибеде қолдана білуіне және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Бастауыш сынып оқушылары үшін жиынтық бағалау жүйесінде өзгеріс болады. Атап айтқанда, 1-4 сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады. Негізгі назар баланы жиі бағалауға емес, оқу материалын түсінуіне және алған білімін іс жүзінде қолдануына аударылады. Бұл мұғалімдерге бағалау мен тексеруге жұмсалатын уақытты қысқартып, оқушыға білімді түсіндіруге көбірек мүмкіндік береді.

Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да басымдық берілмек. 5-7 сыныптарға «Конституция негіздері» міндетті курсы енгізілсе, 8-11 сыныптарда «Заң мен тәртіп» пәні оқытылады. Бұл сабақтар жасөспірімдердің азаматтық құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуіне, заңды құрметтеуіне және жауапкершілігін сезінуіне ықпал етпек. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны да жаңартылады.

Білім беру саласына заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да жалғасады. Мұғалімдерге жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарлау, тапсырмалар әзірлеу және оқушылардың оқу нәтижелерін бағалау кезінде қолдануға мүмкіндік беріледі. Бұл технология мұғалімді алмастыру үшін емес, оның жұмысын жеңілдетіп, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға көмектесетін құрал ретінде қарастырылады.

Әскери-патриоттық тәрбие бағытында да жаңашылдықтар бар. 1 қыркүйектен бастап әскери-патриоттық бағыттағы үйірмелер мен клубтар «Жас айбын» бірыңғай мәртебесімен біріктіріледі. Бағдарламаға қатысатын оқушылардың әскери оқу орындарына түсу кезінде белгілі бір артықшылықтарға ие болу мүмкіндігі қарастырылған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, енгізіліп жатқан өзгерістердің барлығы бір мақсатқа – білімді, жауапты, заңды құрметтейтін және қоғамға белсенді араласатын азамат тәрбиелеуге бағытталған. Жаңа оқу жылында мектептегі білім беру мазмұны ғана емес, оқушының алған білімін өмірде қолдануына мүмкіндік беретін тәсілдер де жаңара түспек.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»