Жаңа өмірге бастар жол
Қарағанды өңірінде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы акция өтті. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған шара барысында түзелуге мүмкіндік алған 1,5 мыңға жуық азамат өз құқықтары мен міндеттері бойынша құқықтық диктант жазды.
Кеше ғана сотталушылар орындығында отырған жандар бүгін қайтадан оқу партасына отырды. Қарағандыдағы оқу орындарының бірінде жазасын бостандықта өтеп жүрген азаматтарға арналған арнайы сабақ ұйымдастырылып, заң талаптары мен қоғам алдындағы жауапкершілік түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, бұл – қателік жасаған адамның түзеліп, қоғамға бейімделуіне берілген мүмкіндік.
– Шара барысында пробация есебінде тұрған азаматтарға олардың құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау, қоғамға бейімделу және қайта қылмысқа бармаудың маңыздылығы айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту бағытындағы мүмкіндіктер де таныстырылды, – дейді Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Жүніс Әбдіқайыров.
Құқықтық диктант өңірдегі барлық аумақтық пробация қызметтерінде бір мезетте өтті. Приозерскіден Нұра ауданына дейінгі аралықта есепте тұрған азаматтар қайтадан мектеп партасына отырып, құқықтық білімін тексерді.
– Пробация қызметіне сот үкімімен бас бостандығынан айыруға жатпайтын жаза кесілген азаматтар алынады. Мұндай акциялар сотталғандар арасында заңды сақтау, құқықтық көмек көрсету және әлеуметтік қолдау бағытында тұрақты түрде жүргізіледі, – дейді Қарағанды облысы прокуратурасы басқармасының прокуроры Бауыржан Сыздықов.
Шараға пробация қызметкерлерімен қатар ішкі істер органдарының, прокуратураның және жергілікті атқарушы билік өкілдері де қатысты. Кездесудің басты бағыттарының бірі – есепте тұрған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі болды.
– Біз қатысушыларға қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін, жұмысқа орналасу мен әлеуметтік қолдау тетіктерін түсіндіруге келдік. Мұндай шаралар пробация есебінде тұрған азаматтардың қоғамға бейімделуіне, тұрақты жұмыс тауып, жаңа өмір бастауына үлкен мүмкіндік береді. Адам өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана қайта қателікке жол бермеуге талпынады, – дейді облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.
Бағдарлама аясында профилактикалық әңгімелер өткізіліп, қатысушыларға құқық бұзушылық үшін қарастырылған жауапкершілік шаралары кеңінен түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар адамның дүниетанымын өзгертіп, жаңа өмір бастауына ықпал етеді.
– Есепте тұрғандардың басым бөлігі ұрлық, есірткі қылмысы және қарақшылық сияқты жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар. Негізгі мақсат – сотталғандарға бостандықта жүріп-ақ түзелуге мүмкіндік бар екенін түсіндіру, – дейді Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД пробация қызметтеріне басшылық жасау бөлімінің басшысы Анар Өменова.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді жұмыстар қайта қылмыс жасау қаупін азайтып, тәртібі түзелген азаматтардың қоғамға бейімделуіне жол ашады. Нәтижесінде, оң өзгеріс көрсеткен азаматтар сот шешімімен мерзімінен бұрын босатылып жатыр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

