Жаңа мектеп ашылды

Сұрыптау кентінде балаларға арналған ұлттық жекпе-жек спорт мектебі ашылды. Мұнда бір мезгілде екі жүзге жуық бала жаттығып, шыңдала алады. Игі бастамаға Қарағанды қаласының әкімдігі мен Қалалық білім бөлімі қолдау көрсеткен.

Айта кету керек, кейінгі жылдарда Қарағанды аймағында ұлттық спортқа деген әуестік жоғарылап, сұраныс артты. Әсіресе жастар арасында ұлттық спорт түрлеріне деген белсенділік тым жоғары. Жерлестеріміз, жергілікті бәсекелерді былай қойғанда, республикалық деңгейдегі дүбірлі додаларға қатысып топ жарып жүр. Ал жаңа мектептің ашылуы әуесқой спортшылардың кәсіби деңгейін арттыруға әрі ұлттық спортты кең көлемде насихаттауға мүмкіндік бермек.

– Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Ата-аналар да оларды үнемі қолдайды. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Сондықтан Сұрыптау кентінен осындай спорт мектебін ашуды жөн көрдік. Ауданның балаларын бір орталыққа жинадық, – деді Қарағанды облысы бойынша жекпе-жек федерациясының президенті Әділет Нұрмәдиев.

Мектептің Сұрыптау кентінде ашылуының да өзіндік себептері бар. Мұнда ұлттық спортқа әуестеніп жүрген жастардың саны көп және орталықтан алшақта жатыр. Балалар түрлі үйірмеге қатысу үшін автобуспен қатынауға мәжбүр. Ал жаңа мектептің ашылуы балаларға сүйікті спорт түрімен үй іргесінде шұғылдануға мүмкіндік береді.