Жаңа маусымға – жоғары дайындық

Қарағанды қаласы елімізге өндірістік әлеуетімен, кеншілердің даңқымен ғана емес, қайнап жатқан мәдени ортасымен де танымал. Қазіргі таңда қаламызда төрт бірдей іргелі театр бар екен. Солардың қатарында ерекше аталатыны – Академиялық музыкалық комедия театры. Мәдениет ошағы биылғы елуінші маусымын ашуға ерекше дайындықты бастап та кетіпті.

Театрдың мерейтойлық маусымы «Астана Опера» театрының сахнасында ашылмақ. Арқа өнерпаздары көрермендер назарына ең үздік спектакльдерін ұсынуды жоспарлап отыр екен. Жаңа маусымның ашылуына Беларусь мемлекеттік академиялық музыкалық театрының дирижері Николай Макаревич арнайы шақырылыпты.

– Шығармашылық дәстүрге сай, театрымыз жұртшылыққа жазғы демалыстан кейін үлкен рухани әсер сыйлауды көздейді. Гастрольдік сапар елордамызда басталып, жетекші солистер, хор, балет және оркестр өнер көрсетеді. Бұл – 100-ден астам адам, – дейді театр директоры Амантай Ыбыраев.

Елордалық көрермендер Академиялық музыкалық комедия театрының қойылымдарын 7, 13 және 14 тамыз күндері тамашалай алады. Труппа нұрсұлтандықтар назарына ресейлік композитор Владимир Баскиннің «Кентервиль сарайының елесі» атты жаңа қойылымын, Максим Дунаевскийдің «Ал қызыл желкендер» музыкасын және Имре Кальманның «Цирк ханшайымы» атты классикасын ұсынбақ. Сондай-ақ жас көрермендерге «Ұшатын кеме», «Самұрық сиқырлы құсы» және «Алтын балық» музыкалық ертегілері ұсынылмақ.

Қарағандылықтар елуінші маусымды 19 тамызда «Сиьва» классикалық опереттасының қойылымымен қарсы алады. Осыдан соң театр ұжымы Алматы қаласындағы М.Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Алматылық көрермендерге Санкт-Петербургтегі Михайлов театрынан шақырылған дирижер Валентин Богданов оркестрлік пультпен шығып өнер көрсетеді. Сонымен қатар Алатаудың бөктерінде балаларға арналған қойылымдар көрсету де жоспарланған.

Айта кету керек, 2023 жылы Академиялық музыкалық комедия театры өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтеді.

1973 жылдың 16 қарашасы алғаш рет музыкалық театр шымылдығын көтерді. Ол сол кезде КСРО музыкалық театрларының арасында ең жас ұжым болды. Ұжым өмірінің көптеген парағы театрдың негізін қалаушы, көркемдік жетекшісі және директоры, Қазақстан мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері Евгений Лукич Пелещуктың, бірінші бас режиссері, Қазақстан мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері ИВАН БОРИСОВИЧ Григорьевтің және оркестрдің бірінші дирижері, оның негізін қалаушы Александр Александрович Хмелевтің есімімен байланысты.

Театр құруда жан-жақты көмек және жан-жақты қолдау көрсете отырып, Облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мақат Рымжанұлы Рымжанов және қала мен облыстың басқа да басшы қызметкерлері белсенді әрекет етті.

Әр уақытта театр әртістері Иван Труновқа, Борис Каркасқа, Владимир Суховқа, Елена Макароваға «Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі», ал Нина Ивановна Симоноваға «Қазақ КСР халық әртісі» атағы берілді. Осы еңбек сіңірген шеберлермен бірге Ирина Полянская, Светлана Анкудинова, Николай Масюков, Людмила Лоскутова, Владимир Канаев, Нина Желенкова және т.б. әртістер жұмыс істеді. Ұзақ жылдар бойы режиссерлер Вадим Борисович Григорьев пен Юлий Самойлович Мельцер, дирижерлер Павел Куприянович Ключко мен Виталий Николаевич Брук, бас хормейстер Галина Леонидовна Новикова, балетмейстерлер Анатолий Андреевич Гаева мен Владимир Николаевич Колчанов, суретші Мәлік Райсханұлы Байкенов шығармашылық пікірлес болды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QN»