Жаңа доктрина – жаңа талап

Жаһандағы жаңа шындық көп жағдайда жағымсыз. Алмағайып заман орнап, айналадағы елдердің бірқатарынан тыныштық қашты. Бұл орайда әскердің әлеуеті басым, қарулы күштің қауқарлы болғаны қажет-ақ. Сыртқы жаудан секемдену былай тұрсын, іштегі іріткіге дер шағында тойтарыс беру аса маңызды екенін ұқтық. Шекараны шегендеп, қырағылық қылу маңызды екенін Мемлекет басшысы да үнемі айтып отырады.

– Біздің мақсатымыз – шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте іргелі құжат, басты нұсқаулық болар Әскери доктринаға өзгерістер енгізу өмір талабы екені айқындалды. Сол себепті 15 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлыққа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды.

Әңгіменің әлқиссасында Әскери доктринаның не екеніне тоқталсақ. Бұл құжат ресми қабылданады, әрі ұзақ мерзімге арналады. Мемлекеттің тұтқиылдан болар соғыс жағдайына даярлығын, әскери саясаттың стратегиялық, техникалық, экономикалық, құқықтық және басқа да маңызды қырларын қарастырады. Құжатта әскери міндеттер айқындалып, қарулы күштерді дамытудың әскери құрылысының бағдарламасын жүзеге асырып, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін саяси күш салу жайы баяндалады.

Бұл жолғы доктрина – Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бергі 6-доктринасы. Әрі ол уақыт талабына бейімделе өзгерді.

– Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады, – деген Президент сөзі біраз дүниені ұғындырарлықтай. Сондықтан доктринадағы өзгерістер негізгі тұжырымдамаларды қамтыды. Маңыздыларының бірі кибершабуылдарға қарсы тұрар қабілетті жетілдіру жөнінде. Бүгінде қару кезеп қол былғамай-ақ, ақпараттық ашық соғыспен мемлекеттегі жағдайды тұрақсыздандыруға, халықаралық аренада жағымсыз фон жасауға бағытталған операциялар қауіпті. Осы ретте қарулы күштер саласында ақпараттық-психологиялық және киберәрекеттерге қарсы тұру үшін бөлімшелер құрылмақ. Доктринада әскери күштің, қару-жарақтың, әскери техниканың және материалдық қорлардың қажетті жиынтығын құру жайы айтылды. Әскери ұйымының құрлықтағы, әуедегі және әскери-теңіз құрамдас бөлігінің жауынгерлік әлеуетін ұлғайту жайы сөз болған. Бактериологиялық қару, ғарыштық кеңістіктегі қауіпсіздікке де басымдық берілген.

Жалпы, жаңа құжатта 70-ке жуық өзгеріс орын алған. Оның бірқатары бұрынғы шарттарға түзетулер болса, жаңадан енгізілген тұжырымдар да бар. Ауқымды төрт бөлімнен тұратын маңызды құжатты қорғаныс ведомствосы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып даярлады. Қысқасы, Әскери доктрина бекітілді, ендігі маңызды шаруа сол салмақты құжатта көрсетілген маңызды жайттардың орындалысы, Қазақстан әскерінің ықпалды әрекеті болмақ. Құнды құжат туралы запастағы подполковник Бородосов Айбек Жарасұлы өз ойын былай деп білдірді:

– Еліміздің қауіпсіздігін қамту жолында доктринаның жаңаруы – өте дұрыс шешім. Заманға сай ақпараттық, инновациялық, бағдарламалық, кибернетикалық техникаландыру жүйесі, әрине, әлі де дамуды қажет етер жағдайда. Жаппай қыру қаруларынан қорғану жолдарын да меңгеруіміз керек. Жауынгерлік әзірлікті мығым ету үшін моральдық, психологиялық тұрақтылық болуы шарт. Дегенмен Қазақстан Қарулы күштерінің бүгінгі ахуалы да жаман емес деп бағалар едім. Қару-жарақпен жасанған, әскери бөлімдерде оқу-материалдық базалары жоғары деңгейде, взвод, бөлімшелерде тактикалық сабақтар аса жоғары даярлықпен өтеді.

Иә, қарулы күштердің бүгінгі қауқары жаман емес. Оны биылғы жылдың тамыз айында өткен «Тактикалық мерген – 2022» халықаралық оқу-жаттығу жарыстары да көрсетті. Қытай, Ресей, Өзбекстан, Армения, Вьетнам, Тәжікстан әскерлері әлеует байқасқан шынға бергісіз ұрыстарда біздің жеке құрам жауынгерлері жоғары дайындық көрсетті. Дегенмен жаңарған доктрина құзыреті барға қанағат деп қарап отырмау керегін меңзейтіндей. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, Қазақстан әскері құрлықта қырағы, суда сергек, әуеде әлеуетті болуға міндетті. Жауынгер алаңсыз болу үшін, үкімет тарапынан әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жайы да жыл сайын жетілу үстінде.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»