Жаңа қазақстандағы жаңа оқу жылы

Қалалық білім бөлімі елдегі мектеп оқушыларына арналған жаңа бағыттарды пысықтады.

– Биыл қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Ал орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап меңгереді, – деді Білім бөлімінің басшысы Есентай Мұқатайұлы.

5-11 сынып оқушылары үшін вариативтік компонентке «Жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі. Әдістемелік нұсқау хатта вариативті компоненттегі сағаттарды ұтымды пайдалану, инклюзивті білім беруді жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстар көрсетілген.

Оған қоса жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда мектеп оқушылары «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» атты курстан өтпек. Аталмыш курс 5-11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты – баланың талдау қабілеті мен шеберлігін дамыту. Бүгінде жаңа жоба өңірлік әдістемелік орталықтарға танысу мақсатында жіберілді. Сол сияқты жаңа курсқа қатысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Оқушыларға арналған жаңа сабақ 2022-2023 оқу жылында қолданысқа енгізілмек.

«Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы 5-11 сыныптарда келесі салаларды қамтиды: қаржы сауаты және кәсіпкерлік негіздері, азаматтық, парасат пен әдеп, экология мәдениеті, сыни тұрғыдан ойлау, зайырлылық және дінтану негіздері, медиасауат.

Ақзия Оразалиева