Жаңа қазақ мектебі

11а шағынауданында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Мектепті ашу үшін құқықты белгілейтін құжаттар ресімдеу жөнінде дайындық жұмысы басталды.

Мектептің оқыту тілін анықтау үшін 11а шағынаудан тұрғындарының арасында жазбаша сауалнама жүргізілді. Қазақ тілінде оқуға 157 өтінім және орыс тілінде оқуға 88 өтінім келіп түсті. Сондай-ақ жақын маңдағы мектептердің оқыту тілдері бойынша бала санының жағдайы талданды.

Қазақ тілінде оқыту қажеттілігінің басымдығын, сондай-ақ №95 мектеп-гимназияның шамадан тыс жүктелуін ескере отырып, №95 мектеп-гимназияда орыс тілінде оқитын сыныптарды (942 оқушы) қалдыру, ал қазақ тілінде оқитын сыныптарды (356 оқушы) педагогтермен бірге мектеп-гимназия болатын жаңа мектепке ауыстыру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта 11а шағынауданы орыс тілінде оқитын бірінші сыныптарға қабылдау үшін №95 мектеп-гимназиясына, қазақ тілінде оқитын сыныптарға қабылдау үшін жаңа мектепке бекітіледі.

Жаңа мектеп үшін қазақ тілінде оқитын бірінші сыныптарға қабылдау науқанын №95 мектеп-гимназия жүргізуде, содан кейін бұл сыныптар жаңа мектепке көшеді. 11а шағынауданында тұратын балаларды жаңа мектептің 2-9 сыныптарына басқа мектептерден (№34, №54, №65, №53 және т.б.) ауыстыру ата-аналардың өтініші бойынша мектеп ашылғаннан кейін мүмкін болады.

№95 мектеп-гимназияда орыс тілінде оқитын мектепалды даярлық сыныбы, жаңа мектепте қазақ тілінде оқитын мектепалды даярлық сыныбы ашылады. Алдын ала деректер бойынша, 1, 10-сыныптарға қабылдауды және басқа мектептерден ауыстыруды ескере отырып, жаңа мектеп жобалық қуаты бойынша жинақталады, оқу жылының басында оқушылар саны 596-ны құрайды.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»