Жаңа апта «Таза өлке» ұранымен басталды
Елді мекендердің көшелерін тазарту, ағаш отырғызу және аумақтарды абаттандыру кампаниясын бастау қажет. Бұл – Мемлекет басшысының облыс және қала әкімдеріне берген тапсырмасы. Қарағандыда облыстық билік жұмыс аптасын таңертең кеншілер шаһарын аралап көше көрінісін бағдарлаудан бастады. Аймақ басшысы қоқыс шығаруға қатысты ескертулер жасады.
Аймақ басшысы Қарағанды қаласы мен Қазыбек би ауданы әкімдерімен бірге Оңтүстік-Шығыс аумағының бір бөлігін аралады. Шенеуніктер әлеуметтік нысандар мен жеке кәсіпорындар маңайындағы тазартылмаған аумаққа назар аударды. Қарағанды қаласында бірінші жалпықалалық сенбілікті 13 сәуірде өткізу жоспарланған. Әкімдік өкілдері тұрғындарды сенбілікке белсенді қатысуға шақырады. Аудан басшылығы қаптарға жиналған қоқыстарды шығаруға көмектесетініне уәде беруде. Демек, жиналған қоқысты шығаруға қатысты сауалдар туындаса, әлеуметтік желі арқылы әкімдіктерге хабарласуға болады.
Айта кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл апта «Таза өлке» ұранымен жалғасып жатыр. Сүйікті қаламызды таза ұстау үшін жерлестеріміз, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар өз аумақтары мен аулаларын тазарту арқылы экологиялық акцияға үлес қосуы керек.
– Мердігерлер бар, бірақ қоқыс шығарылмайды. Бұл жерде бизнес өкілдері де Пәтер иелері кооперативтері де аумақтарын тазалап, тазалық орнатуға атсалысулары тиіс. Қазіргі міндет – тез арада қаланы қыстан кейінгі күл-қоқыстан тазартуымыз керек. Су тасқынынан кейін оңай болмайтыны анық, дегенмен қордаланып қалған қоқыстарды тазалауымыз керек. Сондықтан күн сайын қала әкімімен, аудан әкімімен бірге осылай көше көрінісін бақылап, бағдарлап отырамыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.
Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев Қарағанды көшелерінде таңертең жаяу серуендеуін жалғастырып, сейсенбі күні Әлихан Бөкейхан ауданын және қала әкімімен Майқұдықты аралап қайтты.
Алғашқы сенбіліктер өтті, мыңға жуық қоқыс шығарылды. Бірақ әлі де жұмыс жетерлік: шашылып жатқан пакеттер, пластик бөтелкелер және т.б. Облыс әкімі мердігерлерге жұмысшылар санын көбейтіп, өз учаскелерін белсенді түрде ретке келтіру қажеттігін атап өтті. Тұрғындар да қала тазалығына немқұрайлы қарамауы керек, сондай-ақ кәсіпкерлер өз нысандарының жанында тазалық орнатуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 6 сәуірде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Ол 11 мамырға дейін жалғасады. Бір ай ішінде қалалар мен аудандарда сенбіліктер өтеді.
Акцияның әр аптасы белгілі бір тақырыпта өтеді:
1-аптада (6, 13 сәуір) «Таза өлке» атауымен өтеді. Тұрғындар, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар өз аумақтарын, аулаларын тазартады;
2-аптада (20 сәуір) «Киелі мекен» тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады;
3-аптада (27 сәуір) «Жасыл аймақ» күні ағаш көшеттерін отырғызу, ағаштарды ақтау ұйымдастырылады;
4-аптада (4 мамыр) «Өнегелі ұрпақ» күні ардагерлердің аулалары мен Қарттар үйінің аумақтарын абаттандыру және тазалау ұйымдастырылады;
5-аптада (11 мамыр) «Мөлдір бұлақ» атты күні өзен-көлдердің айналасын қоқыстан тазарту ұйымдастырылады.
Тұрғындардан, еріктілерден шетте қалмауды және елді мекендерді тазалауға белсенді қатысуды сұрайды.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»