Жәутіков олимпиадасынан жүлде
Астанада математика, физика және информатика пәндерінен өткен XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өз мәресіне жетті. Бұл беделді білім сайысында Қарағанды облысының оқушылары төрт жүлделі орын иеленіп, өз білімдерінің жоғары деңгейін көрсетті.
Олимпиадаға әлемнің 15 елінен келген жоғары сынып оқушылары қатысты. Олар оқытушылармен бірге командалық негізде жарысып, әр пән бойынша біліктіліктерін сынады.
Қазақстан ұлттық құрамасының атынан қатысқан қарағандылық оқушылар ерекше жетістіктерге жетті. 11 сынып оқушысы Әліби Ақберді физика пәнінен екінші орын алса, «Білім-инновация №1» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Жанарыс Теңдіков осы пән бойынша үшінші орынды еншіледі.
Информатика пәнінен 11 сынып оқушысы, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейінің тәрбиеленушісі Әлішер Қазтаев екінші орынға ие болды. Ал математикадан «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Бейбарыс Жеңісбек қола жүлде алды.
– Жәутіков олимпиадасының тапсырмалары өте қиын. Тіпті қарапайым оқушылар бұл тапсырмалардың шартын түсінбеуі мүмкін. Мен дайындыққа екі жыл жұмсадым, оның ішінде соңғы жылы бар күшімді салдым, – деді Бейбарыс Жеңісбек.
Оның айтуынша, жүлделі орын жеңіп алу Қазақстанда және шетелде жоғары оқу орындарына түсу кезінде үлкен артықшылық береді.
– Мен Computer Science мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отырмын. Әзірге болашақ қызметімді нақты айта алмасам да, ол математика мен информатика салаларымен тығыз байланысты болады деп ойлаймын, – деп өз болашақ жоспарын бөлісті ол.
Бұл жетістіктер Қарағанды облысы оқушыларының білімге деген талпынысының жоғары деңгейін көрсетіп, өңірдегі білім беру сапасының арта түскенін тағы бір дәлелдеді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»