Жәрмеңкенің жәрдемі тие ме?

Халықтың әлеуметтік әл-ахуалын жақсарту – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Оны шешудің бір амалы – жұмыс іздеген жандарға қолдау көрсету. Әсілінде, нарықта бос жұмыс орындары бар. Тіпті маман таппай отырған кәсіпорындар да кездеседі. Ал мына жақта қарапайым халық жұмыс іздеп сарсаңға түсіп жүр. Бұл ретте жұмыс беруші мен іздеушіні кездестіруге таптырмайтын орынның бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкесі.

Қаламызда жыл басынан бері бірнеше рет осындай жәрмеңке ұйымдастырылды. Қаншама адам өзіне қажет ақпаратты біліп, кеңес алды. Жұмысқа тұруға жолдама иеленгендері де көп. Кезекті жәрмеңке 19 мамырда «Таир» сауда үйінің бірінші қабатында ұйымдастырылған болатын. Өйткені демалыс күндері мұнда халық көп жүреді. Осыған орай жәрмеңке өтетінін білмей қалған жұртты қамту мүмкіндігі де ұлғая түскен-ді.

– Қарағанды қаласы көлемінде үш жүзге жуық мекемеде екі мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Жәрмеңке барысында азаматтарға тұрақты, уақытша, қысқамерзімді жұмыс орындары ұсынылуда. Сонымен қатар жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар сабақтастығы» тәрізді бағдарламалар ұсынылып, қажет кеңестер берілді. Ал зейнет жасына жақындап қалған азаматтарға «Күміс жас» бағдарламасы түсіндірілді. Жәрмеңке қатысушылары өздерінің көңіл қалауларына сай бос орындарға жұмысқа тұруға жолдама алды, – дейді Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Сауда үйінде өткен жәрмеңке барысында қаламыздағы отызға жуық мекеме мен кәсіпорын бос жұмыс орындарын ұсынған екен. Жалпы алғанда, тұрғындарға 2 600 бос орын ұсынылды. Шараға жұмысыз азаматтар, жоғары оқу орындары мен колледждердің соңғы курсында оқып жүрген студенттер қатысты. Жәрмеңке барысында 457 азаматқа түрлі бағдарлама туралы толыққанды кеңес беріліп, 86 тұрғынға жұмысқа орналасуға жолдама ұсынылған екен. Олардың арасында пробация қызметінің есебінде тұрған 12 тұлға бар.

– Бүгінгі жәрмеңкеге пробация қызметінің есебінде тұрған, абақтыдан жазасын өтеп шыққан азаматтар шақырылды. Бұл санаттағы азаматтарға бос орындардың 1 пайызы қарастырылған. Осындай шаралардың арқасында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды қоғамға қайта бейімдеуде жеңілдіктер болады. Жәрмеңке барысында есепте тұрған азаматтардың мамандықтарына сай жұмыстар ұсынылды. Сонымен қатар ешқандай мамандығы жоқ тұлғалар үшін де бос орындар қарастырылған, – дейді Қазыбек би аудандық прокурорының орынбасары Қажымұрат Мұратов.

Жәрмеңке барысында алимент жөнінде берешегі бар 5 азамат жұмысқа орналасуға жолдама алғанын да айта кеткен жөн.

Жәрмеңкеге келгендерге жұмысқа орналасу мәселелері туралы, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары жөнінде консультация берілді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»