Жәрмеңкенің жәрдемі тиді

Бұрнағы күні қаламыздағы «Таир» сауда үйінде қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен Бос орындар жәрмеңкесі өтті. Оған облыстық Әділет департаменті, жеке сот орындаушылары, Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан аудандарының прокуратуралары және пробация қызметінің өкілдері қатысты.

Бұл жәрмеңкенің бір ерекшелігі – оған алимент берешегі бар борышкерлер мен жаза басып, сотты болған азаматтар да қатысып, жәрдем алғаны. Шыны керек, көптеген кәсіпорындар сотталған адамдарды жұмысқа қабылдаудан қашқақтайды. Сәйкесінше, тұрақты жұмыс таппай, әлеуметтік қиындыққа тап болған азаматтардың қоғамға сіңіп, адаптацияға түсуі қиындай түспек. Өкінішке қарай, арасында қайыра қылмыс жасап, теріс жолға түсіп кететіндер де кездесіп жатады. Ал, бұл жәрмеңке осындай келеңсіздіктердің жолын кесуге жәрдемдесті. Жәрмеңкеге пробация қызметінің есебінде тұрған 5 азамат келіп, олардың үшеуіне жұмысқа тұруға жолдама берілді.

  • Мен пробация қызметінің есебінде тұрмын. Жәрмеңкеге жұмыс табу мақсатында келген едім. Қалауым орындалып, аула сыпырушы ретінде жұмысқа орналасуға жолдама алдым. Қаламызда осындай шаралардың барына және біз тәрізді азаматтарға көмек көрсетілетініне қуаныштымын, — дейді жәрмеңке қатысушысы Әбдіхалық Омербекұлы.

Сондай-ақ, жәрмеңкеге мойынында алимент борышы бар 21 адам қатысып, өздеріне лайық бос жұмыс орындарын қарастырған. Олардың он бесі өздеріне лайық жұмыс тауып, жолдама алды. Бұл да болса қоғамдағы әлеуметтік мәселенің оң шешімін табуына ықпал етпек.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»