Жұқпалы жедел ішек ауруының алдын алар басты талап — тазалық

Жаз маусымы — жұқпалы жедел ішек ауруларының белең алатын мезгілі. «Аурудың жақсысы, дәрінің тәттісі жоқ» демекші, бұл сырқаттың да ағзаға тигізер өзіндік салдары жетерлік. Сол себепті де санитариялық сала мамандары маусымдық сырқаттың алдын алу үшін «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың абзал жолын ұстанған жөн» деп кеңес береді. Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Дархан Шайбекұлы Ильяшевпен сұхбат құрған едік.

— Жаз мезгілінде ерекше қарқын алатын жедел ішек инфекцияларына қандай аурулар жатады?

— Жедел ішек инфекциясы — біріншіден, ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың біртұтас тобы. Микроорганизмдердің бірнеше тобы — бактерия, вирус және қарапайымдылар — жіті ішек инфекцияларының негізгі себебі болады.

Инфекция көзі — науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін әсіресе аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.

— Жедел ішек инфекциясының белгілері қандай?

— Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, емшектен бас тарту, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан немесе шырыштың пайда болуы. Қайталамалы құсық және іш өткен сайын баланың жағдайы ауырлай түседі. Өйткені организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады.

— Бұл инфекцияны жұқтыру жолдары қандай?

— Алиментарлық жол — жұқтырудың негізгі жолы. Тағам өнімдері (жануарлар еті, құс, балық, устрицалар, таңқышаяндар, жұмыртқа және жұмыртқа өнімдері, сүт және сүт өнімдері, көкөніс және жеміс- жидектер, крем өнімдері) жұқтырудың негізгі факторы болып отыр. Аурудың су арқылы да жұғатын кезі болады.

— Алда аптап ыстықты жаз айлары келе жатыр. Жедел ішек инфекциясының белгілері пайда болғанда қайтпек керек?

— Жоғарыда аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса, дәрігерге көріну қажет. Сұйықтықты мол, көбірек ішкен дұрыс. Жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін емшек сүті (нәрестелерге), айран, күріш суы, шай, кисель, қайнаған салқын су, тұзды- минералды ерітінді («Регидрон» ұнтағының 1 пакеті қайнатылып, бөлме температурасында суытылған 1 литр суға қосылады) берген пайдалы. Дайын ерітіндіні әрбір 3–5 минут сайын ішкізу керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әр күнге жаңадан дайындалады.

— Өзіңіз білесіз, жазда балаларға арналып лагерь, демалыс орындары жұмыс жасайды. Осындай орталарда аурудың таралуы қаншалықты мүмкін?

— Иә, адамдар көп шоғырланған мұндай жерлерде ішек инфекциясын жұқтырып алуға болады. Әсіресе мектеп, балабақша, лагерь және т. с. с. ұжымдық ұйымдасуларда инфекция жұқтырған науқас адамның болуы әбден мүмкін. Ал ұжымдық ортада науқас адаммен байланыста болу инфекцияның таралуына ықпал етіп жатады.

— Аурудың алдын алу шаралары қандай? Санитариялық қызмет өкілі ретінде жаз маусымы алдында қандай ұсыныс айтасыз?

— Бәрі тазалыққа байланысты ғой. Жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу — негізгі шарт. Қайнаған немесе бөтелкедегі суды ғана ішу керек. Жеміс пен көкөністі жемес бұрын қайнаған сумен жақсылап жуу қажет. Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдаланған абзал. Тамақты тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтауға болмайды. Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтап, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті мүлде пайдаланбау керек. Жазда жұқпалы ішек аурулары шомылу орындарында жиі жұғады. Сондықтан тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылған жөн. Суқоймаларда және бассейндерде шомылған кезде ауызға су кетпеуін қадағалау маңызды.

— Айналып келгенде, аурудың алдын алудың алғышарты тазалық дейсіз ғой, сұхбатыңызға рақмет!

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, «QH»