Жұмыссызға көмек берілді

Биыл елімізде жұмысынан айырылған 66 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем жасалған. Олардың ішінде 55,7 мың азамат мұндай төлемді алғаш рет алып отыр.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем Мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жоғалған табыстың 40 пайызына дейінгі мөлшерде жүзеге асырылады.

Төлемді тағайындау үшін өтініш берушіге қажет:

  • kz порталына тіркелу;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  • барлық жолдарды толтырып, қызметке онлайн тапсырыс беру және ЭЦҚ-мен қол қою арқылы өтінімді жіберу;
  • бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • егер жұмыс табылмаса, үш жұмыс күні ішінде қашықтан адамға жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда, қосымша ақпарат жинау үшін өтініш берушімен халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері хабарласады).
  • Қызметті онлайн режимде электрондық еңбек биржасы арқылы да алуға болады (kz).

Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған жағдайда Министрліктің ақпараттық жүйесі қордан төлемдерді тағайындау бойынша проактивті форматта қызмет көрсетуге келісім беру үшін ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда ізденуші SMS-хабарламаға жауап беруі қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, жұмысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады. Ол жұмыс іздеу кезеңінде қазақстандықтарды қолдауға арналған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсетуін іске қосты. Бұл жұмыссыздарды тіркеу және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Енді барлығын тек ғаламтор, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жасауға болады.