Жұмыспен қамту қарқыны қандай?

Бірінші қазандағы деректерге сүйенсек, биыл елімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 533,1 мың адам қатысқан. Оның ішінде 345,1 мың адам жұмысқа орналасса, олардың 224,3 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 12,5 мың адам жіберілді. Сондай-ақ 12 мың адамға өз кәсібін бастау үшін мемлекеттік грант берілді. Бұдан бөлек 152,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алған. Олардың арасында 13,6 мың азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 25,3 мың адам «Жастар практикасы» жобасы аясында және 107,7 мың жан қоғамдық жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек 3,4 мың жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында еңбекке араласса, 425 адамға «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында жолдама берілді. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасы аясында 2,2 мың адам жұмыспен қамтылды.

Тағы бір айта кетерлігі – 105,6 мың адам қызмет саласын таңдау мақсатында әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Осы орайда Қарағанды қаласы бойынша жұмыспен қамтудың статистикалық деректеріне зер салсақ. Қалалық жұмыспен қамту орталығының 21 қазанда ұсынған дерегіне сүйенсек, орталыққа 8 647 адам жүгінген екен. Олардың 4 528 адамы тұрақты жұмысқа орналастырылған. Ал 328 азамат «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа жолдама алды және 55 жас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасының қатысушысы атанды. Сондай-ақ 628 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылса, 63 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар 213 азамат кәсіптік бағыттауға жіберілді. Қаламыздың зейнеталды жасындағы 55 тұрғыны «Күміс жас» жобасымен жұмысқа тұрса, 13 азамат «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысып жатыр. Бұдан бөлек 854 азамат «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқу курсына жіберілді. Олар оқуды тәмамдаған соң мемлекеттік қайтарымсыз грант байқауына қатысып, бизнес ашу үшін бастапқы капиталға иелік ете алады.

Еске салайық, халықты жұмыспен қамтуға арналған шаралар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Былтыр бұл бағдарламаға 651,8 мың адам қатысқан болатын.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды. Сондай-ақ оларға кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесие мен қайтарымсыз мемлекеттік грант беріліп, қолдау көрсетілді. Қысқамерзімді курстарда және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында оқытылды.

Бұдан бөлек «Еңбек» бағдарламасындағы бағыттардың бірі аясында жұмыс күші көп аймақтардан жұмыс күші тапшы аймақтарға көшірілді.