Жұмыс іздеуге көбірек мүмкіндік беріледі

Қазақстанда жұмыссыздарды тіркеу және жұмысқа орналастыру тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерін жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды.

Ұсынылып отырған жаңа тәртіп бойынша жұмыссыз мәртебесін беруге дейінгі қолайлы жұмыс іздеу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы кезеңде мансап орталығының мамандары азаматтың білімі, еңбек тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, соған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктейді.

Қажет болған жағдайда мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланысып, азаматқа лайықты қызметті ұсынуға мүмкіндік алады. Егер қолайлы жұмыс ертерек табылса, 13 күннің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.

Сонымен қатар жұмыс іздеушіге бос жұмыс орындарымен қатар, кәсіби оқуға немесе субсидияланатын жұмыс орнына жолдама ұсынылуы мүмкін.

Министрлік бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтарды жұмысқа орналастыру тиімділігін арттырып, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту екенін атап отыр.

Жаңа талаптар нормативтік құқықтық акт күшіне енгеннен кейін қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Жобаны қоғамдық талқылау 28 қыркүйекке дейін жүргізілді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»