Жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдісі
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмысқа орналасуға көмектесудің тиімді әдістерінің бірі. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізудің мақсаты – жастарды, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз азаматтарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту.
Жәрмеңкелерді өткізу компания өкілдеріне өз кәсіпорындарының мүмкіндіктерін таныстыруға мүмкіндік береді, ал жұмыс іздеушілер қысқа уақыт ішінде кадрларды іріктеуге мүдделі жұмыс берушілермен сөйлесе алады, қызығушылық танытқан бос жұмыс орындарды таңдай алады және таңдап алған бос лауазымға өту үшін әңгімелесуден өтеді.
Қаламызда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты негізде өткізіледі. 19 сәуірде «Таир» СҮ-де бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді.
– Аталған іс-шараның мақсаты – жұмыс беруші мен ізденуші арасындағы тікелей байланыс арқылы азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу. Өткізілген іс-шарада 313 азаматқа 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде консультация берілді. Жоғары оқу орындары, колледждердің түлектері шақырылды. 75 азаматқа жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді. Оның ішінде 5 жолдама пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға берілді. Бос орындар жәрмеңкесінде Қарағанды қаласының 40 жұмыс берушісінен 750-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды, – деп хабарлады Мансап орталығынан.
Жәрмеңкеге пробация қызметі, ҚАЖД, жеке сот орындаушылары, сондай-ақ «Ten Qogam» ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы қатысқан. Шараға келушілер үшін «Кәсіптік оқыту» және жұмысқа орналастыру мәселелері, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағыттары жөнінде консультациялық жұмыс ұйымдастырылды.
Құралай КӨБЕНОВА,«QH»