120-дан астам іс-шара: Астанада Республика күні қалай атап өтіледі

25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Ұлттық мерекеге орай Астанада салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық турнирлер, мерекелік акциялар, жаңа нысандардың ашылуы және басқа да шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Республика күніне орай елордада бірқатар жаңа нысан ашылады. Атап айтқанда, М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, ал Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені жұмысын бастайды.

Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты және №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланып отыр.
Ұлттық мерекеге орай Астанада мәдени-білім беру бағдарламасы да әзірленді. Оның аясында әдебиет пен өнер өкілдерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, белгілі бір тақырыптағы кештер, пікірсайыстар және басқа да іс-шаралар өтеді.

20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.

20-24 қазан аралығында елордалық мектептерде оқушылар арасында «Егер мен Президент болсам…» тақырыбында пікірсайыстар және «Менің елім – Қазақстан» атты сурет байқауы өткізіледі.
21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш өтеді. Сол күні Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурор» клубының қатысушылары арасында «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.

22 қазан күні сағат 11:00-де Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция өтеді.
Сол күні сағат 11:00-де Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен «Зерделі ұлт – кітап оқитын отбасынан басталады» тақырыбында кездесу ұйымдастырылады. Кейін кітапханада «Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» атты әдеби іс-шара өтеді. Ол кітапханада түн өткізу форматында ұйымдастырылады.

Сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады.

23 қазанда сағат 10:00-де Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді.

Сағат 11:00-де М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов пен тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Күлпаш Ілиясованың елорданың белсенді жастарымен кездесуі өтеді. Кездесу «Байтақ елім – Қазақстан!» тақырыбына арналады.

Мерекелік іс-шаралар елорданың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында да ұйымдастырылады.
23 қазанда сағат 11:00-де Р. Қошқарбаев даңғылы, 29/1 мекенжайында «Ән-жырым саған, Қазақстан» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Сол күні кешке мәдени бағдарлама Мемлекеттік «НАЗ» би театрының концертімен жалғасады. Ұжым сағат 19:00-де «Аңсаған арман» атты концерт ұсынады.
Сондай-ақ елорданың барлық алты ауданында мерекелік концерттер өтеді.

Атап айтқанда, 24 қазанда Пригородный, Отау, Өнеркәсіп, Бағыстан, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, «Қорғалжын», «Жағалау», «Ататүрік», «Айғыржал» және «Жастар» гүлзарларында, сондай-ақ қалалық алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Республика күні – 25 қазан күні де мазмұнды бағдарлама жоспарланып отыр. Сағат 11:00-де Өнер музейі келушілерді «Рухты ел» атты лекция-концертке шақырады. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.

Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды.
Осы уақытта Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.

Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.

Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де бара алады. Жәрмеңке 24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді.

Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.

Республика күнін мерекелеу бағдарламасында кәсіби спортшыларды, жастарды және түрлі жастағы қала тұрғындарын біріктіретін спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінеді.
15-17 қазан аралығында «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі өтеді. Жарысты тамашалау үшін билет сатып алу қажет.

17-18 қазанда сағат 09:00-ден бастап Sana Sport спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана әкімдігіне қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтеді.
19 қазанда Ақшоқы-2 мекенжайындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында тоғызқұмалақтан Астана чемпионаты ұйымдастырылады. Ертеңінде, 20 қазанда, сағат 10:00-де осы орталықта есту және көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында шахматтан ашық қалалық чемпионат өтеді.

22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында шахмат турнирі ұйымдастырылады.

Сол күні сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

23 қазан күні сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебу спорт түрлерінен бақ сынайды.

24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билетпен кіруге болады.

120-дан астам іс-шара: Астанада Республика күні қалай атап өтіледі