Жұмыртқа өндірісі ұлғаяды

Қарағанды облысында «Майқұдық жұмыртқалары» құс фабрикасы айналымын арттыруда. Бұқар жырау ауданының Доскей ауылындағы кәсіпорын өткен жылы жұмысын қайта бастады. Өндірісті жаңғыртуға миллиард теңгеден астам қаржы салынды. Зауытты онан әрі дамыту жоспарымен облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев арнайы барып танысты.

Өңір басшысына өндірістің біртіндеп өсіп келе жатқаны мәлімденді. Зауыт Қарағандының сауда желілеріне арзан жұмыртқа жеткізеді және алдағы уақытта көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Өндіріс қуаттылығы – жылына 100 млн жұмыртқа және шамамен 600 мың бас тауық.

Құс фабрикасында жұмыртқа тасымалдайтын «Анаконда» атты автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Ол өндіріс ошағында қолмен жасалатын жұмысты азайтуға мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік цехтардан жұмыртқалар автоматты транспортер арқылы сұрыптауға түседі.

Балапан шығару үшін жаңа желілер мен инкубация цехын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорында қазір 100 адам жұмыс істейді. Өндірісті кеңейту қосымша жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.