Өзекті мәселелер талқыланды

Қарағандыда қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен аппараттық кеңес өтті. Күн тәртібінде болған негізгі мәселелер: аумақты санитарлық тазалау және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, қызмет көрсетушілердің жұмыс сапасы.

” Көктем келуімен қала аумағы белсенді түрде тазартыла бастады. Тек өткен сенбіде тазалауға 7 000-нан астам адам мен 500-ден астам ұжым шықты.

Бұл ретте жиналған қоқысты тұрғындар ҚТҚ жинауға арналған алаңдардың жанына жинайды, содан кейін оны қоқыс шығаратын компаниялардың қызметкерлері алып кетуі тиіс. Алайда бүгінгі күнге дейін алаңдардың жанында жиналған қоқыстар тазаланбаған. Қарағанды әкімі аудан әкімдеріне де, «ГорКомТранс», «ЭкоӘлем» және «Ресайклинг» компанияларының басшылығына да бірқатар ескерту жасады.

Аппараттық кеңесте аудан әкімдері сөз сөйледі. Естеріңізге сала кетейік, 30 наурызда Ә. Бөкейхан атындағы аудан әкімі болып Саят Шаймин тағайындалды. Ал Қазыбек би ауданында 12 сәуірде аудан әкімі Нұрлан Рыстиннің орнына Эльдар Дүйсетаев келді. Аталған аудандардың жаңа басшылары қала әкіміне өз аумақтарында тәртіп орнату туралы есеп берді.

” Эльдар Дүйсетаев бүгінгі таңда Қазыбек би ауданында 271 аула аумағына арналған 421 контейнерлік алаң бар екенін айтты. Көппəтерлі тұрғын үйлер бойынша 22 маршруттық кесте жасалып, онда қоқыс таситын 28 техника жұмылдырылған. Жеке сектор бойынша 3 кесте жəне 5 техника жұмылдырылыпты.

— Күн сайын «Қарағанды қаласының ГорКомТранс» ЖШС учаске шеберлерімен бірлесіп контейнерлік алаңдардан ҚТҚ-ны уақытылы шығару және мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Instagram, жеделхаттардан және «Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппараты» ММ тәулік бойы диспетчерлік қызметінен келіп түскен өтініштер пысықталуда. Ірі көлемді қоқысқа келетін болсақ, күн сайын желіде 5 тиеу техникасы, 12 самосвал және ауданның 5 секторы бойынша 20 жол жұмысшысы жұмыс істейді: Оңтүстік- Шығыс, Михайловка, қала, Федоровка, Күнгей шағынауданы. Шығарылатын қоқыс көлемі орта есеппен күндізгі уақытта 300–400 текше метрді құрайды, — деп есеп берді Э. Дүйсетаев.

Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің айтуынша, жақында «Қарағанды қаласының ГорКомТранс» ЖШС Майқұдық өңірінің 5 кестесі бойынша халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жаңа 5 қоқыс тасығыш техникасын сатып алған. Коммуналдық кәсіпорындар күнделікті жұмыс нәтижесі жөнінде контейнер алаңдарының санитарлық жағдайы және арнайы техниканың жұмысы жөнінде фотоесеп ұсынады.

— Біз аудан аумағын күтіп ұстау аясында контейнерлік алаңшалардың аумағынан ірі көлемді қоқыстарды шығару жұмыстарын қосымша жүргізіп жатырмыз. Кондоминиум объектілерінің аумағында, контейнерлік алаңшалар мен аудан шетіндегі габаритті емес қоқыстарды тұрғындардың жинауы проблемалық мәселе болып қала береді. Жиын өткізу кезінде тұрғындарға габаритті қоқыс тастамау туралы түсінік береміз, — деді Саят Шаймин.

Аудан әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған Ермағанбет Бөлекпаев Қазыбек би әкімінен сенбілік кезінде жиналған қоқыс қаптарын қысқа мерзімде алып тастауды сұрады. Бұдан бөлек Ермағанбет Бөлекпаев Эльдар Дүйсетаевқа сыртқы жарнамамен жұмыс істеуді және қаланың сыртқы келбетін ретке келтіруді тапсырды.

Сондай-ақ Е. Бөлекпаев «ГорКомТранс» және «ЭкоӘлем» ЖШС жұмысы туралы теріс пікір білдіріп, өз жұмыстарын нашар атқарып жатқанын және тұрғындардан тағы да көптеген шағым түскенін мәлімдеді. Ол жергілікті полицияға ұйымдар тарапына нашар жұмыс жасағаны үшін айыппұл салуды тапсырды. Қала басшысы аудан әкімдеріне контейнерлік алаңдардың тұрғындар санына арақатынасын, қаладағы жағдайды зерделеуді тапсырды.

— Біздің қала өсіп, өркендеп келеді. Контейнерлік алаңдар жеткіліксіз болғандықтан, кеңейту қажет болуы мүмкін. Бұл мәселені зерттеп, шара қолдану керек, — деді қала әкімі.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»