Үздіктер санатында

Қарағанды қаласында орналасқан қос бірдей университет елдегі ең үздік жоғары оқу орындарының рейтингісіне енді. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің (БСҚА) IQAA-ranking бағалауына сәйкес, академик Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындары арасында бірінші орынға ие болды. Ал академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұлттық рейтингідегі жетекші орындарды растады.

Бұл рейтинг 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді және биыл жоғары оқу орындарының қызметін талдау 14-рет өтті. Өткен екі жыл ішінде ҚарТУ осы рейтингінің екінші қатарында болды.

– Бұл – профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің жоғары деңгейі, ЖОО ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмысы, халықаралық ынтымақтастық, түлектерді ақпараттық қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру сияқты академиялық басымдықтың объективті көрсеткіштері бойынша университет оқытушылары мен студенттері ұжымының жүйелі және тиімді жұмысының нәтижесі, – деп атап өтті Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің баспасөз қызметінде.

Осы жылы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті QS WUR әлемдік рейтингінің топ 651-700 қатарына енді. QS WUR жаһандық рейтингісіне әлемнің 2 462 университеті қатысты. Қазақстанда 16 жоғары оқу орны, оның ішінде алты ұлттық университет бар. Бұл ретте ҚарТУ ҚР ЖОО арасында сегізінші орынға ие болды.

Аккредиттеу және тәуелсіз агенттіктің (IAAR) нұсқасы бойынша академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақстанның көпбейінді өңірлік жоғары оқу орындары арасында бірінші орын иеленді. Жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингісінде ол 4-орынға жайғасып, тек ұлттық университеттерге ғана жол берді.

Рейтингілер білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға ықпал етеді және жоғары оқу орындары қызметінің ашықтығын көрсетеді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА

«QH»