Үздік ұстаздар анықталды

Қарағанды қаласы білім ұйымдарының педагогтері арасында «Үздік педагог» атағын беру конкурсының I қалалық кезеңінің қорытындысы шығарылды.

2022 жылдың 20 қыркүйегі мен 5 қазаны аралығында «Үздік педагог» атағын беру конкурсының I қалалық кезеңі өтті. Қалалық кезеңге Қарағанды қаласының 16 білім беру ұйымынан 21 педагог қатысты. Өңірлік комиссия конкурстың ақпараттық порталы арқылы портфолио беруді бастаған және аяқтаған конкурсанттардың портфолиосын қарады.

Қазылар алқасының шешімімен ең көп ұпай жинаған «С.Сейфуллин атындағы гимназия» КММ ұстазы Ақшегүл Ақмағамбетова, «Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия» КММ қызметкері Айзат Махажанова, «Н.Әбдіров атындағы ЖББМ» КММ мұғалімі Татьяна Бутузова, «М.Жұмабаев атындағы гимназия» КММ ұстазы Мөлдір Әлжанова және «Шәкәрім атындағы гимназия» КММ қызметкері Людмила Жукова облыстық кезеңге жолдама алды. Енді осы топ облыстық «Үздік педагог» байқауында қала мектептерінің намысын қорғайды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»