Заман талабына сай кітапхана

Қарағандыда білім мен ғылым жолында маңызды жаңалық болды – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің №8 ғимаратында тәулік бойы жұмыс істейтін жаңа оқу кітапханасы ашылды. Бұл – тек кітап қоймасы емес, заманауи талапқа сай жабдықталған, ой мен ізденісті, шығармашылықты дамытуға арналған кеңістік.

Аталған кітапхана – академик Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына орай қолға алынған «100 игі іс-шараның» бірі. Соңғы үш жылда университет кітапханаларын жаңғырту жұмысы қарқынды жүргізіліп келеді. Жаңа кітапхана осы жұмыстың жемісі.

Оқу ордасындағы бұл нысан бірнеше бөлімнен тұрады: конференц-зал, оқу және жеке жұмыс залдары, сирек қор, мультимедиалық аумақ, этнозона және кең кітап қоры. Кітапхана ID-карта арқылы қызмет көрсетіп, цифрлық жүйемен жабдықталған.

Салтанатты шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар, студенттер мен құрметті қонақтар және Америкадан арнайы келген жазушы Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Мағауин қатысып, әкесінің 26 томдық шығармалар жинағын кітапханаға сыйға тартып, лентасын қиды.

Кітапхананың тәулік бойы жұмыс істеуі – жастардың еркін білім алып, ғылыммен айналысуына жол ашады. Университет ректоры Нұрлан Дулатбеков айтқандай: «Жапониядағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін кітапхана бізде де болуы тиіс» деген арман ақиқатқа айналды.

Бүгінгі таңда кітап – тек білім емес, руханияттың да тірегі. Ал осындай орталықтар – елдің кемел болашағына бастар жол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»