Заңсыз тасымал: жүргізуші куәлігінсіз жолаушы тасымалдағандар анықталды
Қарағанды облысында жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтар тек көлік тізгіндеп қана қоймай, қалааралық бағыттарда жолаушы тасымалдаумен айналысқаны белгілі болды. Бұл деректер «Тасымалдаушы» атты жедел-алдын алу шарасы кезінде анықталды.
Шараның басты мақсаты – заңсыз жолаушы тасымалын тоқтату және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Мәселен Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті бағытындағы автожолда полицейлер жүргізуші куәлігінен айырылған азамат басқарған Toyota Estima көлігін тоқтатқан. Ол рұқсатсыз түрде қалааралық жолаушыларды тасымалдап жүрген.
Ұқсас жағдай Астана – Қарағанды – Алматы тас жолында да тіркелген. Мұнда да көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат автокөлік тізгіндеп, жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан.
Сонымен қатар облыстағы тағы бір автожолда техникалық талаптарға сай келмейтін, тіпті ұйықтайтын орындар орнатылған көлік анықталды.
Барлық заң бұзушыға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, көліктер айыптұрағына қойылды.
Полиция департаменті тұрғындарға ескерту жасайды:
«Заңсыз жолаушы тасымалы – бұл тек заң бұзушылық емес, сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін нақты қауіп», – делінген ресми хабарламада.

