Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі

Қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігі ең алдымен заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуына байланысты. Бүгінде Қазақстанда «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл бастама құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Қарағанды қаласы мен облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелері орнатылып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шаралары қолға алынған. Сонымен қатар тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты көтеруге бағытталған түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Заң мен тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл әр азаматтың күнделікті өмірдегі жауапкершілігінен басталады. Қоғамдық орындарды таза ұстау, жол қозғалысы ережелерін сақтау, өзгенің құқығына құрметпен қарау – азаматтық мәдениеттің негізгі көрсеткіштері. Қазіргі таңда жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру ұйымдарында түрлі кездесулер, дәрістер мен патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылып, заң талаптарын сақтау мен қоғам алдындағы жауапкершілік түсіндірілуде. Заң үстемдік құрған жерде әділдік орнайды. Ал тәртіп сақталған қоғамда тұрақтылық пен даму болады. Сондықтан қауіпсіз әрі өркениетті қоғам құру жолында әр азамат заң талаптарын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуы тиіс. Осы мақсатта біз полиция сержанты – Мадияр Ақжоловпен сұқбаттасып көрген едік.

            – Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың рөлі қандай?

– Қоғамдық қауіпсіздік тек полиция қызметкерлерінің жұмысы емес. Әрбір тұрғын заң талаптарын сақтап, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауы қажет. Азаматтық жауапкершілік жоғары болған сайын қоғамдағы тәртіп те нығая түседі.

         – Қазіргі таңда құқықтық мәдениетті қалыптастыру не үшін маңызды?

– Құқықтық мәдениет адамдардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне мүмкіндік береді. Заңды білетін азамат өз құқығын қорғай алады және өзгелердің құқықтарын құрметтейді. Бұл қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды факторы.

            – Жастар арасында қандай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?

– Жастармен кездесулер, дәрістер, ашық сабақтар ұйымдастырылады. Мұндай шараларда заң талаптары, интернет қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтың салдары және патриоттық құндылықтар түсіндіріледі.

            – «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі мақсаты қандай?

– Негізгі мақсат – қоғамда әділдік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Әр азамат заңды құрметтеп, өз әрекетінің салдарын түсінген кезде ғана қауіпсіз әрі тұрақты қоғам құрылады.

            – Тұрғындарға қандай үндеу айтар едіңіз?

– Заңды сақтау – әр азаматтың парызы. Қоғамдық тәртіпке бейжай қарамай, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бірге үлес қосайық. Заңға құрмет – мемлекетке құрмет.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»