ЗАҢҒА БАҒЫНБАЙТЫН КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАР

Қарағанды қаласындағы кәсіпкерлік нысандарда ілінген жарнамалар мен ақпараттардың кейбірі ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының талаптарына қайшы. Бұл жағдай мемлекеттік тілге деген немқұрайлықтан туындап отыр. Өз кезегінде бұл қала тұрғындарының наразылығын өршітуде.
Мәселен, қаладағы «Волна» дүкенінде өнімдердің бағасы мемлекеттік тілде сауатты жазылған. Бұл – тұтынушыға көрсетілген құрмет. Ал, кейбір дүкендер тауар бағасын тек ресми тілде ұсынады. Нарық заманында тұтынушының сұранысы алдыңғы орынға шығу керек. Ал тұтынушы өз құқығын талап етсе де, кәсіпкерлік нысандар ұлтараздық қақтығыс туындатуға апаратын жағдайларды дер кезінде шешуге тырысар емес.
Ірі және шағын бизнес өкілдері «Жарнама туралы» Заңның 21 бабы бойынша:
«Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртабандарының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.
Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.
Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлетін тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.
Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.
Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс.
Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi».
Яғни, кәсіпкерлік нысандары тұтынушының сұранысына сүйеніп әрі Заң талаптарын да ұстануы тиіс.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ,

«QH»