Заңға бағынған құл болмайды

Қарағанды өңірлік гарнизоны, әскери полиция басқармасының ұйымдастыруымен «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты Спасск оқу-жаттығу орталығында жергілікті әскери басқару органдарының басшылығымен Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасына сәйкес профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Әскери қызметшілер сыбайлас жемқорлық және басқа да құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылатының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қылмысқа орын жоқ екені айтылып, тәртіпсіз ел болмайтыны жеткізілді. Әскер қатарында жемқорлыққа қарсы кешенді профилактикалық жұмыстар жыл сайын қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарулы Күштер қатарында жемқорлық іс-әрекеттерін болдырмау мақсатында түсіндіру, ескерту жұмыстары барынша жүзеге асырылады.

« -Заңға бағынған құл болмайды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу керек. Мемлекеттік қызметте заң бұзушылыққа итермелейтін фактілерінің куәсі немесе ақпаратын білген жағдайда құқық қорғау органдарына хабарлау керек. Құқық бұзушылықтың алдын-алу шаралары жеке құраммен жиі өткізілуі тиіс. Себебі, осындай кездесулерді өткізу арқылы жеке құрамның теріс іс-әрекетке бармауына ой саламыз» — деп атап өтті өз сөзінде Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасы алдын-алу бөлімінің бастығы Жарқынбек Молдаханов.