Зұлмат жылдар естелігі жұрт жадында

Қарағанды қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық кітапханада «Тарих және уақыт» жобасы аясында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Зұлмат жылдар жаңғырығы» атты тақырыптық кездесу өтті.

Іс-шараға Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының кіші ғылыми қызметкері З.Г.Жұмағазықызы, М.Жұмабаев атындағы гимназияның тарих пәні мұғалімі С.А.Тұрсынұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі О.Д.Қызылбайұлы және 11-сынып оқушылары қатысты.

Тарих беттеріне жүгінетін болсақ, ел басына түскен ауыр жылдар халық санының азаюына, ел экономикасының құлдырауына, ел арасының ыдырауына әкеліп соқтырған еді. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімі тарих беттерінен ешқашан өшпек емес! Іс-шара алдында модератор жиналған қауымға саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпарат беріп өтті. Іс-шара мақсаты – бабалар аманатына деген құрмет, тоталитарлық жүйенің жендеттері жазықсыздан-жазықсыз қуғынға ұшыратып, қатыгездікпен жазаланған халқымыздың зиялы қауым өкілдеріне, жапа шеккен барлық қауымға рухани тағзым ету, сонымен бірге сталиндік жүйенің зорлығы, қорлауы, Ғалым Жайлыбайдың өткен ғасырдың қасіретті кезеңі бейнеленген «Қара орамал» аза дастанын талдау, жеке қадір-қасиет, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу рухында тәрбиелеу, әдебиетті насихаттау.

Шарада алғашқы сөз Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының кіші ғылыми қызметкері З.Г.Жұмағазықызына берілді. Музей қызметкері елім деп еңіреген, саясаттың құрбаны болған арыстарымыздың суреттерімен таныстырып шықты. №18 мектептің 4-сынып оқушысы Самат Айғаным Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэма-реквиемінен «Мамочкино моласы» үзіндісін оқыды, сонымен қатар Майқұдық мәдениет үйінің «Серпер» домбыра үйірмесінің жетекшісі Б.Қ.Балтабайұлы «Қайран ел» күйін нақышына келтіріп орындады.

Кеш соңында кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары арнайы келген қонақтарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»