Қызылша ауруы асқынуда


Қарағанды облысында қызылшаға қатысты эпидахуал мәз емес. Облыста қызылша дертінің эпидемиологиялық жағдайы күрделеніп барады.
Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратына қарағанда, қызылшамен сырқаттану вакциналанбаған адамдар арасында (87%) өршіп отыр.
– 2023 жылдан 2024 жылғы 15 қаңтардағы жағдай бойынша, қызылша жұқтырды деген күдікпен 1 341 жағдай тіркелді, оның 920-сы зертханалық жолмен расталды (67%). Әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар басым (90%), олардың жартысынан көбі – 5 жасқа дейінгі бала. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациямен қамтудағы олқылықтарға байланысты сырқаттану облыстың барлық аумағында байқалады, – дейді департамент өкілдері.
Аурудың кең етек жаюының себебі – тұрғындардың вакцина алмауы және көші-қон. Осы факторлар инфекцияның тез таралуына ықпал етуде.
– Қызылша өте жұқпалы, вирус ауа тамшылары арқылы тарайды және сыртқы ортада аса төзімді, сондықтан қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған кезде вакциналанбаған және ауырмаған адамдардың барлығы дерлік ауруға шалдығады. Бұл аурудан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация. Қызылша жөнінде қалыптасқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты қазіргі уақытта облыста инфекцияның және оның асқынуларының одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік беретін қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізілуде, – деп атап өтті СЭБД.
Қызылша – егілмеген адамдар үшін 100% қауіпті инфекция. Вирус ауа арқылы біз ойлағаннан әлдеқайда қашықтыққа оңай тарайды. Бұл ауру ауыр асқынулармен қауіпті: отит, пневмония және т.б. Жүйке жүйесі жағынан: энцефалит, менингит, панэнцефалит. Панэнцефалит – ми зақымдануының ең ауыр асқынуы, ол қызылшамен ауырғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң дамуы мүмкін және мүгедектік пен өлімге соқтырады.
Осы орайда біз Қарағанды қаласының №1 көпбейінді ауруханасында №3 ОДО бөлім меңгерушісі Жансая Алипбаевадан қызылша жайлы жалпы мағлұмат алған едік.
– Қызылша – вирустық инфекция. Қызылшаны денеге шыққан бөртпе арқылы білуге болады. Бұл ауру өте жұқпалы, ауа арқылы таралады және бірнеше аптаға созылады, – деп түсіндірді маман. – Бұл вирус өте құбылмалы келеді, тіпті қызылшамен ауырған науқаспен тікелей байланыста болмай-ақ, онымен бір үйде тұрсаң да жұғады. Вирус тез өледі. Бұл вирусты тұрмыстық заттар, ойыншықтар, киім-кешек арқылы жұқтыру мүмкін емес. Қызылша вирусын жұқтырған алғашқы кезеңде, яғни алғашқы белгілері пайда болғанға дейін, бала 7-17 күндей ауырады. Ауру, негізінен, үш кезеңнен тұрады: катаралды, бөртпе кезеңі және пигментация кезеңі.
Маманның сөзінше, бұл аурумен сырқаттанған баланың халі нашарлайды. Дерт жұққан алғашқы күндері баланың тамаққа зауқы соқпай, ерні кезереді, мұрнынан су ағып, жөтеледі. Көзі жасаурап, былшықтанады, жарыққа қарай алмайды. Қызуы көтеріліп, жөтелі күшейе түседі. 3-5 күн өткен соң ұртында ұсақ ақ теңбілдер пайда болады. Тамағы қызарады. Күннен-күнге баланың жалпы жағдайы нашарлап, қызуы көтеріле береді. Ауырған күннен бастап арада 6-7 күн өткенде бетіне, құлақтарының сыртына, мойнына қызыл бөртпелер шығады, ал келесі күндері дәл осындай бөртпелер көкірегіне, қарнына, қолдарына, ал сонан соң шатына, аяқтарына шыға бастайды. Егер ауру асқынбаса, баланың көңіл-күйі бірте-бірте жақсарып, температурасы төмендейді, тамаққа тәбеті ашылады. Ал бөртпелер қалай пайда болса, сол тәртіппен кете бастайды, яғни алдымен беттегі, құлақ сыртындағы, мойнындағы, сонан соң кеудедегі, қолдағы, арқадағы, қарындағы, шаттағы, аяқтағы бөртпелер кете бастайды. Бөртпелердің орнында қоңыр теңбілдер қалады. Бұл теңбілдер 2-3 апта өткен соң барып кетеді.
– Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен, тез арада дәрігерге хабарлап, ауру баланы сау балалардан оқшаулаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы балабақшаға, мектепке жіберілмейді. Қызылшамен ауырған бала үйде дәрігердің бақылауымен емделеді. Егер баланың жағдайы тіпті нашар болса, онда оны аурухананың оқшауланған бөлмесіне орналастыру керек. Науқас бала ауырған күннен бастап төсекте жатуға тиіс. Егер ол нәресте болса, оны жиі- жиі қолға алып, ал ересек бала болса, төсек-орнын жиі-жиі ауыстырып, өзін әлсін-әлсін аударыстырып жатқызған дұрыс. Бұлай ету өкпесінің қабынбауы үшін қажет. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еден, терезе, есікті дымқыл шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күн сәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан үйде тыныштық болғаны жөн. Сонымен бірге тұмауратқан және тағы да басқа сырқатпен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ағза қорғанысы онсыз да әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін, – деп кеңес берді Жансая Алипбаева.
Белгілідей, аурудың алдын алу үшін ең сенімді шара – вакцинация, екпе ауырған адамды асқынулардан қорғайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, 1 (вакцинация) және 6 жастағы (ревакцинация) балалар жоспарлы түрде қызылшаға қарсы егіледі.
Екпе (шұғыл профилактика) бұрын ауырмаған, егілмеген және қызылшаға қарсы профилактикалық екпе алғаны жөнінде мәліметі жоқ немесе қызылша ошақтарында байланыста болған, бір екпесі бар 30 жасқа дейінгі адамдарға жасалады. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда, вакцина науқаспен байланыста болғаннан кейін 72 сағаттан кешіктірілмей салынады.
Еліміздегі қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2023 жылдың 1 қарашасында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» №7 қаулысы шықты. Осы қаулыны іске асыру мақсатында 2023 жылғы 6 қарашадан бастап 6-11 ай аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүріп жатыр. Бұл шара эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін жалғасады.
Былтырғы 5 желтоқсаннан бері қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жас аралығындағы, сондай-ақ 11 ай 29 күндік балаларды және қызылшаға қарсы вакцинациясы жоқ медицина қызметкерлерін қосымша жаппай иммундау жүргізілуде.
Облыстық СЭБД берген мәліметке сай, қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау кезінде Үндістанда өндірілген қызылша, қызамық және паротитке қарсы аралас вакцина салынады. Бұл вакцина қауіпсіз, әлемнің 70-тен астам елінде, соның ішінде Еуропада қолданылады, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан сертификатталған және мемлекеттік тіркеуден өткен.
– Біздің елімізде бұл вакцина 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. 2015 және 2019 жылдары қызылша ауруының өршуін оқшаулау үшін осы вакцина қолданылды, иммундаудан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ. Қосымша иммундау балалардың тіркелген жеріндегі амбулаториялық-емханалық ұйымдарда тегін жүргізіледі. Вакцина жеткілікті. Қосымша иммундау науқанының негізгі мақсаты – қызылша ауруына және оның асқынуларына тосқауыл қою. Есіңізде болсын, кәрі-жастың бәріне де қауіпті! Жас талғамайды. Вакцинация аурудан, асқынулардан қорғайды, әр қосымша доза иммунитетті күшейтеді, – деп ескертті департаменттегілер.
Жансая Алипбаеваның сөзінше, аурудың өршуіне вакцинадан бас тарту үрдісі себеп болып отыр, халық арасында мұндай қате ұстаным әсіресе кейінгі жылдарда белең алған.
– Соңғы жылдары вакцинациядан жаппай бас тарту үрдісі қалыптасты. Салдарынан балалар арасында ауру жиілеп кетті. Қазіргі таңдағы эпидахуалға байланысты қызылша ауруына қарсы екпені әуелі балалар алады. Екінші кезеңде қызылшаға қарсы екпе алмаған, сондай-ақ 2019 жылдан қазірге дейін егілмеген медицина қызметкерлеріне екпе салына бастады. Қазіргі таңда №1 көпбейінді ауруханада өткен жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында қызылшамен 58 бала тіркелді. Оның 6-ауы қызылшаға қарсы екпе алған, ал 48-і егілмеген, 6 бала бір рет екпе алған. Қызылшаға қарсы екпе алудың қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ байқауға болады. Казіргі кездегі эпидахуалға байланысты қала тұрғындарын түгелдей қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамын! Денсаулығымыз өз қолымызда! – дейді Жансая Алипбаева.