Қызмет бағасы қымбаттады
1 ақпаннан бастап Қарағандыда бірден бірнеше коммуналдық қызметтің бағасы қымбаттады. Енді су, кәріз және жылу тұрғындарға бұрынғыдан да қымбатқа түседі. Төлемдер қаншалықты өседі, жаңа тарифтер түбіртектерде қашан көрініс табады және үнемдеудің жолы бар ма?
Коммуналдық қызметтердің тағы да қымбаттауы көпшілік үшін жаңалық емес, себебі бұл соңғы жылдары тұрақты құбылысқа айналды. Бұл жолы үш қызмет түрінің бағасы өсті, соның ішінде жылу тарифі де қымбаттады. Жылу құны үш негізгі құрамдас бөліктен тұрады, оның ішінде өндіріс пен тасымалдау тарифтерінің көтерілуі бар.
– Тұрғындар түбіртектен өзгерістерді көреді. 1 шаршы метрге 18 теңгеге қымбаттаған. Мысалы, бұрын он мың теңге төлеген болсаңыз, қазір он пайызға өскен, сонда сіз 11 мың теңге төлейтін боласыз, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС қаржы директоры Алданыш Кунуспеков.
Егер бұрын 20 мың теңге төлеген болсаңыз, енді 22 мың теңге төлеуге тура келеді. Компания өкілдері мұның негізгі себептерінің бірі – 600 милллион теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру қажеттілігі екенін айтады. Бұл қаржы қаладағы жылу жүйесін қалыпты жағдайда ұстап тұруға бағытталған. Тұрғындар қымбаттаған тарифтерді ақпан айындағы түбіртектерден байқайды, яғни оларды наурызда алады. Төлемді азайту үшін үнемдеуге көңіл бөлу қажет. Тағы екі қызметтің – су мен кәріз жүйесінің тарифтері де қымбаттады. Компания суды үнемдеуге кеңес беріп, есептеу құралдарын орнатуды ұсынады.
– 1 ақпаннан бастап егер тұрғындар су үшін бұрын 150 теңге төлеген болса, енді су тарифі 20%-ға, ал кәріз қызметі 10%-ға қымбаттады. Біз тозығы жеткен су құбырларын кезең-кезеңімен ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралар сумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Сол сияқты, кәріз жүйесіне де жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз су және кәріз қызметтерінің сапасын жақсартуға қол жеткіземіз, – дейді «Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов.
Тариф – инвестицияға айырбас бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты енді біз тек нақты қызмет құнын ғана емес, сонымен қатар желілерді жөндеу жұмыстарын да төлейміз. Бұл ертеңгі күні үлкен қиындықтарға тап болмау үшін жасалып отыр. Су тарифінің көтерілуіне электр энергиясының қымбаттауы мен Сәтбаев каналы арқылы келетін судың құнының өсуі де әсер еткен. Айта кетейік, электр энергиясының бағасы шілде айында көтерілгендіктен, бұл жолы өзгеріс болмайды.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»