Қыстың қамын жаз ойла: көмір сатып алу орындарының тізімі жарияланды

Былайғы жұрт Қарағанды облысын қара көмірдің отаны ретінде таниды. Әйтсе де кейінгі бірнеше жылдықта қыстың көзі қырауда көмір іздеп сарсаңға түскен жұрттың қатары қалың. Әрі сұраныс артқан сайын, нарықтағы бағаның да шарықтап, қалтаны қағатыны тағы бар. Биыл мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін мамандар осы бастан қам қылып көмір алып қою қажет екенін айтуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде аймақ тұрғындарын қара отынмен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың айтуынша, өңірде көмір жеткілікті. Оның негізгі жеткізушілері «Шұбаркөл көмір» және «Жалын» кәсіпорындары екен. Қазіргі таңда аймағымызда көмір 52 сату пунктінде қолжетімді. Оның 20-сы Қарағанды қаласында орналасқан.

– Қарағанды облысының көмірге қажеттілігі – 1 млн 100 мың тонна. Министрлік жүйелі шаралар қабылдауда. Біріншіден, республика деңгейінде тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, барлық әкімдікке жеткізілді. Екіншіден, көмірді автомобиль көлігімен республика аумағынан әкетуге толық тыйым салынады. Үшіншіден, қазіргі уақытта қаулы әзірленуде, осыған орай көмірді көмір өндірушілер және көмір саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар ғана экспорттай алады. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – делдалдар санын азайту және болдырмау, – деп түсіндірді Азамат Панбаев.

Тағы бір айта кетерлігі – биыл көмір тапшылығын болдырмау және жүк машиналарының жүргізушілері арасындағы жанжалды жағдайлардың алдын алу үшін «Шұбаркөл көмір» АҚ разрез аумағындағы алып кету пунктін жауып тастады. Бұл ретте разрезден 100 км радиустағы барлық елді мекен көмірмен қамтамасыз етіледі.

– 2023 жылы биржалық сауда-саттық қорытындысы бойынша, коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сатып алушы болып «Көмір гарант» ЖШС анықталды. Компания 4 отын пунктін құруға шешім қабылдады, оның екеуі Ұлытау облысында, біреуі Қостанай облысында және біреуі Қарағанды облысының Осакаровка кентінде. Бұл отын базаларына көмір теміржол арқылы үздіксіз жеткізілетін болады. Сондай-ақ халыққа көмір жеткізілетін жақын маңдағы 9 пункт анықталды. Біз Баршында құрғақ қойма құрамыз, содан кейін тізімдер бойынша және әкімдіктің бақылауымен көмір тек халыққа сатылатын болады, – деді «Шұбаркөл көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким.

Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр аймақ журналистерімен бірге сату пункттерін аралап шыққан болатын. Қарағанды қаласында орналасқан 20 сату бекетінің барлығында жеткілікті мөлшерде көмір бар екен. Еш жерде кезек жоқ. Келген адамдар көп аялдамай, бірден қажет қара отынды тиеп алып кетіп жатыр. Әйтсе де тұрғындар әлі де болса көмір сатып алуға асықпай отыр екен. Тағы бір айта кетерлігі – көмір бағасы еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда айтарлықтай арзан.

– Қазір 1 шахтадан, 8 кеніштен көмір әкелінуде. Қарағандыда көмір сататын 20 нүкте бар. Қазір 30 мың тоннадан астам жанармай жөнелтілді. Мүлдем кезек жоқ, 2-3 «КамАЗ» тоқтайды. Бұл үстем нарық болмағандықтан, орташа республикалық баға алынады. Қарағанды облысында тоннасына 13 400 теңгені құрайды. Бұл – республикадағы ең төмен баға, – деп атап өтті Дарын Бұлқайыр.

Егер тұрғындар тарапынан көмір сапасына қатысты сұрақтар туындаса, онда Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласа алады. Сонымен қатар арнайы құрылған желі арқылы ақпарат алу мүмкіндігі бар. Қарағанды қаласы бойынша жедел желі нөмірі: 42-15-05.

Арман ӘБІЛҚАСЫМ,

«QH»